
Отбасы-мемлекеттің негізгі буыны.Тәрбие – отбасынан басталады, болашақ ұрпақтың еліне, Отанына деген сүйіспеншілігі алдымен ата-ананың ықпалымен қалыптасады. «Дәулет есіктен, ақыл бесіктен кіреді» демекші білім бесігі мектептен, тәрбие бесігі отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі-әлпештеген әке мен аялаған ана. Ата-анаға үлкенге қызмет етіп, әкеңнің еңбегін, анаңның ақ сүтін өтеу-біздің борышымыз. Отбасы-адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқаннан бастап сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, ер жетеді.
Осы орайда , 23 қаңтар күні аудандық кітапхана және «Мәдени мұра» БПҰ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен мәдениет және өнерді дамыту орталығында «Жүрек жылуы» жобасы аясында «Отаным-өз үйім, отбасым-мерейім» атты дөңгелек үстел болып өтті.
Мақсаты: жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге, қазақ халқының салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын және бірлігі мен тірлігі, достығы ұйыған отбасылар жан-жақты насихаттай отырып, болашақ жастарға патриоттық тәлім - тәрбие беру.
Іс-шараға «Қазақ тілі» қоғамы филиалының төрайымы Д.Мирман, «Аналар кеңесінің» төрайымы Роза Көшекбайқызы, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Э.Құттымбетова, ардагер-ұстаз Е.Төлепбаев, журналист, «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Қ.Ахетов, Жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы А.Қожамұрат, кент әкімінің мұқтаж адамдарға әлеуметтік қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ж.Дүйсенбай, Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ Жалағаш аудандық сарапшы Г.Мәлік, мектеп мұғалімдері мен ЖИАК студенттері қатысты. Кешке қатысушылар қоғамдағы «мерейлі отбастарының жарасымды тұрмысы, өнегелі өрісі туралы сөз қозғап, болашақ ұрпақ тәрбиесімен ой бөлісті.Дөңгелек үстелді кітапханашы Ж.Ешімова жүргізді.
