
Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында қазан айының 31 жұлдызы күні мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Қабыловтың туғанына 110 жыл толуына орай «Жалынды қайраткер» атты еске алу кеші болып өтті. Кешке ауыл ардагерлері, мектеп оқушылары, туыстары және аудан кітапханасының кітапханашылары қатысты.
Кештің алғашқы сөзін №32 І.Қабылов атындағы орта мектептің директоры О.Қозыкенова ашып беріп, ауыл ардагерлері Е.Рахметов, А.Жармаханов, Б.Нұржановтар өздерінің естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар аудандық кітапхананың әдіскері Ұ.Нұрымбетова: Ілияс Жүсіпұлы Қабыловтың артында мол мұрасы қалған қайраткер және өзі уығын қаласқан үкіметтің қиянатын да көрген тұлға екеніне тоқталып өтті. Бұл кеште №32 І.Қабылов атындағы орта мектептің түлектері де өз өнерлерін ортаға салып, кештің әсерлі өтуіне өз үлестерін қосты.
Кеш соңында ауыл кітапханашысы Г.Ділдәбекова мемлекет және қоғам қайраткері І.Қабыловқа арналған «Жұлдыз ғұмыр» атты кітап көрмесімен таныстырды.
