Аудандық кітапханада «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан оқырмандар конференциясы болып өтті. Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетіндегі заңғар тұлғалардың бірі. Қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер. Халқымыздың көркем тарихын ұлттық рухта, биік шығармашылық талғаммен жаза білді. Трилогияның мазмұны осы жылы атап өтіліп отырған Қазақ хандығына -550 жыл мерейтойымен тығыз байланысты.
Оқырмандар конференциясының мақсаты: жазушының қыл қаламынан шыққан тарихи-көркем шығармадағы қазақ хандығының құрылуы, халықтың бостандық жолындағы жанқиярлық күресін қазіргі жастарымызға көркем тілмен жеткізіп, олардың өткен тарихымызбен мақтанатындай патриоттық сезімін, отанға деген сүйіспеншілігін ояту.
Оқырмандар конференциясын аудан әкімінің орынбасары Тәжмаханов Жағыпар Айтбайұлы ашып берді.
Жағыпар Айтбайұлы сөзінде жастар кітаппен жақын дос болып өздерін ұдайы рухани өсіріп отыруы тиіс екенін айтып, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы тарихи деректерге өте бай, еліміздің өткен тарихы жайлы мол мағлұмат беретін кітап екенін сөз етті. Сонымен қатар конференцияға мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Азбергенова Райхан Қадірханқызы, ардагер, қаламгер Адамбаев Жақсылық, № 123 Т. Жүргенов атындағы мектеп-лицейдің пән мұғалімі Ілиясов Дархан, № 201 мектеп лицейдің пән мұғалімі Тұрғанова Гүлманат, «Жалағаш жаршысы» газетінің тілшісі Қуат Ахетов және мектеп мұғалімдері мен № 31 орта мектеп оқушылары Мархабай Ұлпан, Тыныбек Айжан, Құрабай Аружандар қатысып, өз ой-пікірлерін айтып өтті.
Кешке қатысушы қонақтар мен оқушылар трилогия жайында өз пікірлерін ортаға салып жастардың кітап оқуға құлшынысын ояту үшін көптеген іс-шаралар жүргізіп, олардың белсенділігін арттыру қажеттілігін де атап өтті.
Оқырмандар конференциясын кітапхана редакторы Нұрымбетова Ұлдай жүргізді.