
Халқымыздың қасиетті мұраларының бірі – ана тіліміз. Тіл – халықтың жаны, кескін-келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілімен ата дәстүрі. Тілдің көмегімен өнер-білімді, ғылымды игереміз, кешегі мен бүгінгіні саралап, сабақ аламыз. Халықтың сақталуы да тіліне тікелей байланысты.Аудандық балалар кітапханасының Қазақстан халықтарының Тілдері күніне арналған апталығы «Ана тілі- мемлекет мерейі» тақырыбындағы кітап көрмесімен ашылды. «Тіл үйрену уақыт талабы» тақырыбында ұсыныс тізімі шығарылып, «Тіл- ұлттық рухтың негізі» ертеңгілігі бастауыш сынып оқушылары арасында өткізілді. «Тілге құрмет- елге құрмет» флеш мобы кезінде оқырмандарымыз халқымыздың ауыз әдебиетінің жауһары мақал-мәтелдерді айту арқылы ана тіліне сүйіспеншіліктерін білдіріп, құдіретін сезінді. Апталық «Ана тілі-халықтың асыл үні» интеллектуалды сайысымен қорытындыланды.