
Халқымыздың азаттық жолындағы күрестерінің тарихы тым тереңде жатыр. Тәуелсіздік деген басты құндылықтың құрбаны болып қанша есіл ерлеріміздің өмірі қиылып, қан мен тері төгілді. Бүгінде көк байрағы көкте желбіреген егемендігіміздің тарихында қаншама нәубатты жылдар мен қанды қырғындар өткені баршамызға айқын.
Балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Азаттық аңсаған өршіл рух» тақырыптық кеші «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 игі іс-шара» жобасын іске асыру аясында және Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығына орай болып өтті. Шара мақсаты: желтоқсан көтерілісінің тарихы, көтерілістің туу себептері мен олардың қаһарман тұлғалары туралы мол мәлімет беріп, тәуелсіздіктің қаншалықты ауыр жолмен келгенін білу. Шара кітап көрмесіне шолу жасаудан басталды. Ел аузында «желтоқсаншы Гүлнар» аталып кеткен Демеуова Гүлнар апайдың көтеріліске қатысқан кезін бейнелеген жерлесіміз Тұрақ Ахетовтың «Тағдыр» деп аталған көлемді мақаласының басты кейіпкері туралы таныстырғанда балалардың қызығушылығы туындап, түрлі сұрақтар қойды. Әрі қарай оқырмандар өздері дайындаған бағдарламасын жүргізді.