"Біз оқыған кітаптар" оқитын отбасы бенефисі.
Жалағаш аудандық балалар кітапханасында отбасы күніне отбасылық бенефис өткізілді.
Отбасымен кітап оқу - жас ұрпақтың талабын қанағаттандыру, рухани жан байлығы мен ой-өрісін дамыту, жоғары эстетикалық талап-талғамын қалыптастыруда ең үлкен де ұлы тәрбие құралы.
Адам баласының болмысы мен асыл қасиетін отбасы қалыптастыратынын білген халқымыз, отбасылық дәстүрдің, ұлттық тәрбиенің ұрпақтан-ұрпаққа үзілмей жетуіне ден қойған. Ата мен әженің өнегесінің бала болашағына әсері орасан зор екеніне әдебиетіміздегі, тарихымыздағы заңғар тұлғалардың бала шағы дәлел бола алады.
ЗЕРЕдей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгіме мен жыр-дастанды тыңдап өскен бала АБАЙ дана АБАЙҒА айналды.
Ал, АЙҒАНЫМ әженің өнегелі, көргенді тәрбиесін алған ШОҚАН замандастарының алды болып, халқының маңдайына біткен жарық жұлдызына айналды.
Бала ЫБЫРАЙдың ұлағатты ұстаз, қазақтың дара ағартушысына айналу жолында атасы БАЛҒОЖА бидің сіңірген еңбегі орасан.
Отбасы құндылықтарын арттыру, баланың бойындағы оқырмандық мәдени тәрбиесі, көркем әдебиетке деген құштарлығын дамытуды мақсат тұтқан шараның кейіпкерлері Пірімжанов Көпешбай отбасынан Алтынкүл әже мен немересі Иманай, Райбек Болатбек отбасынан Болатбек мырза мен ұлы Алдияр қатысты. Екі отбасының мүшелері де кітапхананың ұзақ жылдан бергі тұрақты оқырмандары. Кітап оқу дәстүрін ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастырған отбасы.
Оқырман отбасы құрметіне ұйымдастырылған шарада кітапқа қызығушылықтары, кітап оқуға жанашырлықпен атсалысуларын, ой-өресі биік, мәдениетті де парасатты жаңа буынды қалыптастырудағы өз ұстанымдары мен тәжірибелерімен қуана бөлісті. Балалар Алдияр мен Иманайдың оқыған кітаптарынан келтірілген үзінділерді тауып, оқымаған ертегі әңгімелерін шара кейіпкерлерінің өз баяндауларында тыңдады.
Шара соңында Алдияр мен Иманай балалар кітапханасының "ДАРА БАЛА" медалімен марапатталды.
P.S. Бірде Альберт Эйнштейінге "Балаларымызды қалай ақылды етуге болады?" деген сұрақ қойылыпты. Ғалым өз жауабын қысқа да нұсқа қайырған: "Егер сіз балаңыздың ақылды болғанын қаласаңыз оған ертегі оқыңыз. Егер одан да ақылдырақ болсын деп армандасаңыз, одан да көп ертегі оқыңыз", - деген екен...