Камал Бердәулетов-100 жыл.
«Өркениетке бастаған туған өлке» жобасы
Аудандық кітапханада Сыр өңірінің ардақты ардагері, «Қызылорда облысының құрметті азаматы» бүгінгі егеменді еліміздің негізін қалауда аянбай тер төгіп халқына қызмет еткен соғыс және еңбек ардагері Бердәулетов Камал Әбдірашидұлының туғанына 100 жыл толуына орай «Нардың жүгін арқалаған тұлға» атты еске алу кеші ұйымдастырылды. Кешке Камал Бердәулетовтың тіршілігінде жақын білген, дидарласқан жандар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Жалағаш аудандық филиалының төрайымы Мирман Дина, қызметтес болған әріптесі Жақсымов Қапбар, Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімінің әдіскері Ахетов Тұрақ Адисұлы, Жалағаш ауданының теолог маманы Байқабылов Арыстанбек және ұрпақтары қатысып аталары жәйлі естеліктерін айтып естеріне алды. Бүкіл ғұмырын аудан, облыс экономикасын дамытуға арнаған ардагер ағамыз өзінің білімімен, білігімен және салауатты, салиқалы, салмақты бейнесімен уақыт өткен сайын таудай болып тұлғана бермек. Адал жүректі азамат, аймақтың ардақтысы ардагер Камал Бердәулетовтың жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталады .