Жалағаш ауданындағы «Руханият» орталығында мәдениет саласының ардагері Айшықхан Шоңбаевтың құрметіне арналған «Өнегелі өмір» атты кітаптың таныстырылым кеші өтті.
Рухани тағылымға толы кештің мақсаты – саналы ғұмырын мәдениет пен өнер саласына арнап, туған жердің рухани дамуына үлес қосқан ардақты азаматтың өмір жолын кейінгі ұрпаққа өнеге ету, есімін ұлықтап, еңбегін насихаттау.
Кеш барысында Айшықхан Шоңбаевтың өмірі мен еңбек жолынан сыр шертетін бейнеролик көрсетіліп, тағылымды естеліктер айтылды. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Ерданұлы сөз сөйлеп, ардагердің елге сіңірген еңбегіне тоқталды.

Кештің көркемдік мазмұнын ән шашулар толықтырып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, ардақты тұлғаның өнегелі өмір жолына арналған «Өнегелі өмір» кітабының тұсаукесер рәсімі өткізіліп, кітаптың оқырманға жол тартуы тағылымды шараның маңызды сәтіне айналды.
Сондай-ақ Айшықхан Шоңбаевтың құрметіне ұйымдастырылған шахматтан аудандық ашық турнирдің жеңімпаздары марапатталды.
Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді. Айшықхан Шоңбаевтың жарқын бейнесі мен елге сіңірген еңбегі халық жадында сақталып, өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болып қала бермек.