Phone+7 (72431) 32-0-30, 79-1-46      Mailzhalbiblioteka@mail.ru      surakКітапханашыға сұрақ

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік»

Құрметті қазақстандықтар!

Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын.
Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.
2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды.
Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз.
Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.
Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.
Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз.
Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.
«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды.
Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.
Бұл – жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Қымбатты отандастар!

Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.
Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.
Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер – әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.
Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.
Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек қой.
Қазақстанның Бірінші жаңғыруы бәріміздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.
Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді.
Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда – Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелі болғаны дау тудырмайды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.
Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз.
Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі.
Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған.
Бірінші басымдық – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы.
Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.
Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.
Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын.
Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек.
Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.
Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады.
Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.
Біз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуымыз керек.
Екінші кешенді міндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек.
Бұл – өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.
Бірінші. Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек.
Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс.
Бұл – автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер.
Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.
Екінші. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек.
Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.
Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.
Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.
Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек.
Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет. «Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс.
Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.
Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.
Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі – гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.
Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек.
Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.
Үшінші. Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс.
Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек.
Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.
Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын.

*****

Төртінші. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор.
Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс.
Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.
Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар беремін:
біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;
екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;
үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;
төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;
бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;
алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.
Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.
Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.

*****

Бесінші. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі.
Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет.
Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін:
- контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе – 2 миллион контейнерге дейін;
- жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе – 1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырамын.
Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе – жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.
2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады.
Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі.
Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет.
Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі – автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісу қажет.
Алтыншы. Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.
Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.
Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға – алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі – «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты бойынша қайта пайдаланылады.
Әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.
Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді.
Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қалалардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет.
Үшінші кешенді міндет – еңбек нарығын жаңғырту.
Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс.
Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын.
Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.
Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет.
Екінші басымдық – бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту.
Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.
Бұл – өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.
Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.
Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.
Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек.
Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.
Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны – бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ.
Екінші. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.
Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек.
Сондай-ақ, бизнестің қазіргі қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді.
Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.
Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.
Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды.
Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек.
Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етеміз.
Үшінші. Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.
Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда.
Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.
Ірі компанияларымызды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік берді.
Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.
Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай тоқтатылуға тиіс.
Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру керек.
Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырамын.
Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек.
Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесінің қандай мөлшерімен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.
Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар, соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже беруге тиіс.
«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.
Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.
Төртінші. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр.
Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.
Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі – 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.
Мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту әкімдердің нақты және кәсіби жұмысына байланысты.
Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар – мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет.
Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкімет бір орынды шиырлай беруді доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек.
Бесінші. Баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет.
Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын.
Үшінші басымдық – макроэкономикалық тұрақтылық.
Мұндағы басты міндет – ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту.
Бірінші. Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек.
Екінші. Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.
Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.
Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін арттырып, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заңнамалық деңгейде бекіту керек.
Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын.
Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс.
Үшінші. Қор нарығын одан әрі дамыту.
Жекешелендіру оның дамуына серпін беруге тиіс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін одан әрі арттыру қажет.
Біз 2016 жылдың соңында заңдастыру науқанын аяқтадық. Оған еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәтижесінде 5,7 триллион теңге, оның ішінде қаражат түрінде 4,1 триллион теңге заңдастырылды.
Үкіметтің міндеті – бұл қаражаттың экономикаға, соның ішінде жекешелендіруге қатысу арқылы пайда беруін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, Қазақстанның жекеменшік кәсіпорындарының облигация шығарылымдарын субсидиялау мәселесін пысықтау қажет.
Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырамын.
Келесі шешуші міндет – салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу.
Бірінші. Бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажет.
Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет.
Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.
Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдеткен жөн.
Біз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілді. Енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет. Сонымен бірге, қаржы шығысы жөніндегі өкілеттіктердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрі қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкімдер өңірлік және жергілікті маңызы бар мәселерді шешуге тиіс, ал Үкімет жалпымемлекеттік мәселелерге ден қоюы қажет.
Екінші. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.
Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс.
Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режімін жаңаша қарастыру керек.
Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.
Үшінші. Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек.

*****

Төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту.
Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.
Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.
Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.
Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.
Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.
2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.
Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.
Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.
Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады.
Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.
Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.
Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.

*****

Екінші. Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.
Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.
Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.
Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.
Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын.
Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет.
Үшінші. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты.
Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.
Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.
Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.
Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл – 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек.
Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.
Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.
Бесінші басымдық – институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.
Бірінші. Үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.
Екінші. Біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.
Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп, жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырамын.
Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс.
Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.
Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды.
Үшінші. Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.
Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.
Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.
Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.
Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.
Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс.
Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде.
Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.
Төртінші. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.
Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.
Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру.
Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын.
Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек.
Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

Құрметті қазақстандықтар!

Осы Жолдау арқылы еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөніндегі өз көзқарасымды жеткізгім келді.
Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырамын.
Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ.
Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін.

Қымбатты достар!

Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр.
Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте.
Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!

Нұрлы жол – болашаққа бастар жол

Құрметті қазақстандықтар!

Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда.

Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз.

Бүгін менің тапсырмам бойынша Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті. Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет – барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған. Біздің 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткілікті. Көріп отырғандарыңыздай, өмір біздің жоспарларымызға түзетулер енгізуде. Және біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл нені білдіреді?

Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлттық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның ішінде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, жоғарылату болып табылады.

Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын.

Бірінші. Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Екінші. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Үшінші. Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Төртінші. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.

Бесінші. ЭКСПО-2017 қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максималды өткізу қабілеті – 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Құрметті қазақстандықтар!

Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі – 15 пайыз.

***

Қазақстан – ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен.

Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету – бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ.

***

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистаралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай – Батыс Еуропа; Астана – Алматы; Астана – Өскемен; Астана – Ақтөбе – Атырау; Алматы – Өскемен; Қарағанды – Жезқазған – Қызылорда; Атырау – Астрахань.

Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткелі және Боржақты – Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын.

Екінші. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады.

Осыған байланысты, біріншіден, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым – жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі.

Үшінші. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз – Семей – Өскемен» және «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Төртінші. ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажеттілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды.

Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ.

Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз.

Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл – апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын.

Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет.

Құрметті қазақстандықтар!

Әлемдік экономикадағы ахуал мынадай дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі.

Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс.

Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.

Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз.

Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар – бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар – Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы – осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады. 

Құрметті қазақстандықтар!

Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар – Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім – ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады – біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды.

Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік – ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік – ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық – күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар – біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!

Алдағы жылы біз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. Қазақстан, тек алға – біздің осы басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершілікті орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін!

Қадірлі халқым!

Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік Ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!

«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін – Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі – бірлік, берекесі.

Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел бірлігі – біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!

2014 жылғы 11 қараша.

YbyraiЫбырай Алтынсарин (шын аты — Ибраһим, 1841—1889) — қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, фольклоршы. Туып-өскен жері — Қостанай облысының Қостанай ауданы, Арқарағай ауылы. Осы өңірде, Тобыл өзенінің жағасынан топырақ бұйырған. 1850 ж. Орынбор шекара комиссиясының қазақ балалары үшін ашқан мектебіне оқуға түседі. Мектепті бітірген соң, Орынбор шекара комиссиясында әскери старшина болып қызмет атқаратын үлкен әкесі Балғожа Жаңбыршыұлының хатшысы болады (1857—1859). Орынбор облыстық басқармасында тілмаштық қызмет атқарады. 1860 жылы Орынбор бекінісінде (Торғай) қазақ балалары үшін мектеп ашу тапсырылады, әрі сол мектепке орыс тілінің мұғалімі болып белгілінеді. Ыбырай дың бүкіл өмірін арнаған ағартушылық-педагогтық қызметі осылай басталады. Тікелей өзінің араласуымен халықтан жинаған қаржыға мектеп үйін және интернат салып, 1864 жылы 8 қаңтарда мектептің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашады. Ұстаздық-ағартушылық қызметке қоса Ыбырай ға басқа да жұмыстарды атқару жүктеледі. Орынбор генерал-губернаторының тікелей тапсыруы бойынша Торғайда төрт рет уездік судья болып (1868—1874), торғай уездік бастығының аға жәрдемшісі (1876—1879) қызметін атқарады. Ыбырай инспекторлық қызметке кіріскен соң оқу-ағарту жұмыстарын одан әрі жандандырып, Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашады, оларды қажетті кітаптармен жасақтайды. Әсіресе, елді көшпелі өмір салтын ескеріп, Ресейдің халық ағарту жүйесіне жаңа үлгілі білім беру тәсілін ұсыныс етеді. Нәтижесінде, 1888 жылы 10 сәуірде Орскіде бастауыш мектептер үшін қазақ жатарынан оқытушылар даярлайтын мұғалімдер мектебі ашылады. Ыбырай мұнан әрі қазақ жастары арасынан экономика, ауыл шаруашылығы, қол өнер кәіспшілігі салаларына қажетті мамандар даярлайтын училищелер ашуға көп күш жұмсайды. Тіптен, Қостанайдан ашылатын ауыл-шаруашылық училищесіне өзінің иелігіндегі жерін беретіні туралы өсиет қалдырады. Ыбырай дың қазақ қыздары үшін Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде мектеп-интернат аштыруының тарихи мән-маңызы зор болды. Ыбырай орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді. Мектеп оқуында, әсіресе, ана тіліне үйретуде К.Д.Ушинскийдің ойларына жүгінді. Қазақ балаларының таным-түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. Ол орыс-қазақ училищесінде Ушинскийдің «Балалар дүниесін», Л.Н.Толстойдың «Әліппе және оқу құралын», Д.И.Тихомировтың «Грамматиканың қарапайым курсын» оқу құралы ретінде ұсынды. Ыбырай дің пікірінше, мектептерге арналып жазылатын оқу кітаптары өзінің идеялық мазмұны және нақты материалдары жағынан ана тілінің және халық даналығының бай қазынасына негізделуге тиіс болды. 1879 ж. оның «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулығы және дидактик. оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл екі кітап та қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұңғыш оқу құралдары болды. Ыбырай – жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосқан. Ол қазақ жастарын ең алдымен оқу, өнер-білім, тех-ны игеруге шақырады («Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан, Іздемей-ақ табылар»). Автор оқу-білімнің тек ізденіс, еңбекпен табылатынына мән берді. Бұған инемен құдық қазғандай ыждаһаттылық, талап пен сабырлылық қажет екенін ескертеді. Ал оқымаған надандарды ақын аз ғана сөзбен сынап, олардың ақ, қараны айырмайтын көрсоқыр екенін айтады («Оқымаған жүреді, Қараңғыны қармалап. Надандықтың белгісі – Еш ақылға жарымас»). Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін талдап көрсетеді («Ата-енең қартайса, Тіреу болар бұл оқу. Қартайғанда мал тайса, Сүйеу болар бұл оқу»). Жастарды өнер-білім, тех-ны игеруге үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не секілді күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады («Адамды құстай ұшырды, Мал істейтін жұмысты, От пен суға түсірді. Отынсыз тамақ пісірді, Сусыздан сусын ішірді»). Ыбырай сондай-ақ Ушинский, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, И.Паульсон шығармаларын қазақ тіліне тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Қазақстан Үкімет 1989 ж. 22 желтоқсандағы қаулысымен Ыбырай дің туғанына 150 жыл толуына орай мерейтойы өткізіліп, ұстаздың мұраларына арналған ғылыми, тарихи, педогогикалық еңбектер жарық көрді. Арқалық қаласында Ыбырай мұражайы ашылды. Тобыл бойындағы Ыбырай қыстауы жанында, мүрдесі қойылған жерде, Ыбырай ға күмбезді мазар орнатылды. Қазақстанда Ыбырай атында аудан, ауылдар, жоғары оқу орындары, шың, т.б. бар. Ыбырай оқу-ағарту жұмыстарына өз заманының ең озық әдістемелерін қолдана отырып, білімнің балаларға ана тілінде берілуіне айрықша мән береді. «Қазақ хрестоматиясы» атты оқулық, «қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» атты дидактикалық оқу құралын жазды. Бұл кітаптарындағы оқушыны отан сүйгіштікке, еңбекке, кісілікке — тәрбиелейтін ғибратты шығармалары ешқашан да өзінің мән-мағынасын жоймақ емес. Тек қана оқу-ағарту жұмыстары емес, Ыбырай сонымен бірге сол кездегі қоғамдық — саяси өмірге сергек араласып, ғылым-білімге, еңбек пен өнерге, дінге, этнографияға қатысты мақалалар жазды. Оның, әсіресе, көркем еңбектері қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша ықпал етті. Ыбырай есімі берілген аудан, ауылдар, оқу оырндары, көшелер, жер атаулары Қазақстанның түкпір-түкпірінде кездеседі.

Ыбырай Алтынсариннің шежересі

Балғожа би Балғожа Жаңбыршыұлы (туған жылы белгісіз - 1860) - би. Ыбырай Алтынсариннің атасы. Орта жүздің Қыпшақ тайпасының Ұзын руынан шыққан. Қазіргі Қостанай облысының Қостанай ауданында дүниеге келген. 1824 жылы хандық жойылып, Орынбор генерал-губернаторлығы үш аға сұлтандыққа бөлініп, әр сұлтандық дистанцияларға, дистанциялар бөлімшелерге бөлінген кезде Балғожа би Жаңбыршыұлы Ұзынқыпшақ бөлімшесін басқарған. Балғожа Жаңбыршыұлы 1839 жылы хорунжий, 1848 жылы жүзбасы «сотник», 1850 жылы старшина әскери лауазымын алған. Ресей өкіметі тарапынан «Ынталылығы үшін» («За усердие») деген алтын медальмен марапатталған. Сонымен бірге патша өкіметі оған аты жазылған екі тапанша мен қосауызды мылтықты сыйға тартқан. Балғожа Жаңбыршин - жүзбасы, Қыпшақ руының ұзын тармағын басқарған. Торғай, Тобыл және Әйет өзендері аралығында көшіп-қонған Орынбор шекара комиссиясының пікірінше ол "адамдарды басқару жағынан да, жалпы орда істері жөнінен де, өз руластары алдында өте беделді болған. Ол би ретінде Шығыс ордада ғана емес, өзге ордаларда да істі қарауға шебер, білгір адам саналған" (ҚРОМА, 4-қор, І-тізбе, 3404-іс, 310-байлам, 83-86 парақтар, 1850). Ыбырай дың атасы Балғожамен бірге туған Ханқожаның Ақдәулет, Қылышбай деген екі баласы болады. Оның баласы Алтынсары 1844 жылы көтерісшілер қолынан қаза табады. Осыдан соң немересі Ыбырай ды өз тәрбиесіне алған. Балғожа би немересін 1850 жылы Орынбор шекара комиссиясының осы қалада қазақ балалары үшін ашқан жетіжылдық мектеп - интернатына оқуға береді. Атасы оны жасынан-ақ адалдыққа, тапқырлыққа, турашылдыққа, шешен-дікке баулыған. Өзімен бірге жиын-тойларға алып барып, билік айтқызып қанатын қатайтқан. Ыбырай да жасынан зерек болып, атасын жерге қаратпай алғырлық танытып, көпшілік құрметіне бөленеді. Оның бұл турашылдық, шешендік қасиеттері Торғайда сот істерін жүргізген кездерінде айқындала түседі. Қалай дегенде де Ыбырай дай ұл өсіріп, тәрбиелеген Балғожа есімі ұмытылмақ емес. Бірақ оның аты-жөні Қазақ Совет энциклопедиясына енбеген. Туған, өлген жылдары белгісіз. Шеген би Ыбырай Алтынсариннің нағашы атасы. Шеген бидің өмірі, билік жүргізу мезгілі Тәуке хан заманындағы қазақ хандығының пісіп-жетілуі, нығайып аяғынан тұруы, тұтастығын сақтауы, көршілес елдермен тең өмір сүруімен тығыз байланысты. Шеген би (Шербұға) бабамыз 80-90 жылдай өмір сүрген болуы керек. Оның өмірге келген мезгілін ХВЫ ғасырдың аяғы не ХВЫЫ ғасырдың басы деп болжам жасайды. Атақты Шеген би аумалы-төкпелі, түсініксіздеу мезгілде өмір сүрген. 1680-1688 жылдар аралығында Тәуке хан тағына отырғанда Шеген Жеті рудың атақты билерінің бірі болғаны белгілі. Бірінші болып қойылған мәселе – елдің бірлігі. Тәуке хан билік жүргізудің бұрын болмаған жаңа түрін енгізуді ұйғарғаны болуы керек - бірінші болып Билер кеңесін құраған. Бұған қазақтың Ұлы жүзінен, Орта жүзінен, Кіші жүзінен бір-бір биден енген. Кіші жүздің атынан Шеген би сайланған. Шеген би Жағалбайлы тайпасынан шыққан, азан шақырып қойған аты – Шербұға. Түбі Мелде бидің ұрпағы. Ел аузында: «Елді ел еткен Мелде би» деген сөз қалған. Шеген сол замандағы ғылым мен мәдениеттің орталығы болған Бұхара, Самарқаннан тәлім-тәрбие алған. Жалпы, Шеген би туралы ел аузынан естігеніміз – оның мына төрт жол айтқан сөзі: Елдің емі далада, Даланың емі балада. Баланың емі анада, Тіршілік түбі Аллада. Профессор Аманжол Күзембайұлы «Қостанай жаңалықтары» газетінің 2008 жылдың 26 тамызында шыққан «Қоғамға қызмет ететін әділ би» деген мақаласында былай дейді: «…Би халықтың ашық даусымен сайланған. Егер би өзінің шыншылдығы жөнінде халыққа сенімсіздік білдірсе, онда оған адамдар барып шағынуды қояды және ол би биліктен шығып қалады. Шеген би неше түрлі сұрақтардың шешімдерін адалдықпен тауып беріп отырған. Әсіресе, жер көлемі туралы көп мәселелер шешімін тапқан. Ол кезде жайлау, қыстау, сосын мал ұстайтын қазаққа мал суару үшін өзен көлдің жағалауын жанжал шықпайтын қылып, қылдай етіп бөліп беру керек болған. Әр руға, тайпаға бөлінген жер арада алауыздық не өкпе тудырмаған. Бұл Шеген бидің шеберлігі мен оның әркімге тартпайтын шыншылдығын көрсетеді». Осы ғалым «Тарих өз өлкеңнің тарихынан басталады» деген мақаласында: «Шеген би өз мезгіліндегі ең ауыр мәселе – шекара белгілеу мәселесімен айналысқан. Бұл іске шыншылдығымен, қайсарлығымен, қажырлылығымен кірісіп, өзінің өмірімен қоштасқан. Орыстар қазақ жерін көбірек алып қалу үшін Шеген биді сатып алу мақсатында «сыйлық» деген атпен оған алтын алқа, алтын жүзік, алтынмен көмкерген шапан, қылыш беріп, «шекараны қайта қарасын» деп уәкіл адам жіберген. Сонда Шеген би оған: «Алтынан алқа, жүзік тағатын қатын емеспін, қылыш алатын жауынгер емеспін, шапан жабатын сұлтан емеспін», – деп сыйлықтарын қайтарып жіберген. Одан кейін Шеген биді ұстап алып, қамап көндіруге тырысқан. Көп ұстай алмайды, себебі бүкіл Алты алашқа белгілі, сұрауы бар. Босатып жіберген, бірақ ердің қасын, қанжығасын улап аттандырған. Содан уланып Шеген би қайтыс болған». Шеген биді сол кездегі қазақ хандығының орталығы болған Түркістанға, қазақтың ардақты адамдарының қасына жерлеуге алып шыққаны, бірақ сүйек бұзылып кететін болғасын, басқа жерге жерленгені баяндалады. Шеген биді қазақ хандығының бірінші заңының іргесін қалаушылардың бірі десек, оның оныншы ұрпағы, атақты заңгер, егеменді Қазақстанның алғашқы министрінің бірі Нағашыбай Шәйкенов Қазақстан Республикасының негізгі заңы – Бірінші Конституцияның негізін салушылардың алдыңғы қатарында болғанын халық жақсы біледі.

Абаймен қарым-қатынасы

Абай мен Ыбырай дың жасаған өмір кезеңдерінде де көп алшақтық жоқ, төрт-бес жыл ғана айырма бар. Әлеуметтік-саяси өмірдің ұқсас бірлігі де олардың таным-талғамының бір бағытта өрістеп дамуына қолайлы жағдай жасаған. М. Әуезовтың айтуынша Абай Алтынсаринды жақсы білген, тіпті кейбір мәселелер бойынша одан үйренуді де жат санамаған: «Абай Ыбырай ды жақсы білген. Кейін Абайдың өзі қадірлегендіктен, Абайдың қолжазбаларының ішіне Пушкин, Лермонтов, Крылов шығармаларынан жасалған аудармалар қоса кірумен бірге, Ыбырай өлеңдері де үнемі бірге көшіріліп жазылып жүруші еді. Абайдың өзінің тапсыруы бойынша солай болса керек... Ыбырай дың әрқашан Абай атымен бірге жазылып, жатталып, таратылып жүруі бүл екеуінің үні бір, үміті бір, арман бағыты және болашақ тағдыры бір ақын екендіктерін танытушы еді» (Әуезов М. 20 томдық шығармалар жинағы. 19-т., - А., 1985, 246-6.). Қазақ әдебиеті тарихында табиғат лирикасы жанрының туындап, қанат жаюына Абай мен Алтынсарин зор үлес қосты. Олар өзіне дейінгі ақындардың жыр мен толғау, дастандарында табиғат көріністерінің жеке бөлінбей, түйдек-түйдегімен қоса жырланып келген үлгілерін түңғыш рет жеке алып, түр мен мазмұн жағынан тың сипат бере білді. Орыс ақыны А. С. Пушкиннің табиғатты жырлау дәстүрін Алтынсарин қазақ әдебиетіне алғаш рет батыл енгізіп, жаңа сипатты поэзияның қалыптасуына жол салды. Алтынсаринның табиғат көріністерін адам өмірімен шебер астастыра бейнелейтін «Сәуірде көтерілер рахмет туы» өлеңінде мал баққан көшпелі өмірдің шындық суреттері әсем де нанымды өріледі. Сәуір айындағы күн нұрымен еріген мұз бен жауын-шашынның жерге нәр беруімен даланың құлпырған әсем бейнесі, таза ауаға мастанған адам мен жан-жануарлардың мәре-сәре болуы, мал төлдеп, аққа аузы тиген жұрттың қуаныш-көңілі, әзілі жарасқан жастар мен кәрілердің шаттығы, көл жағалай ұшқан қаз бен үйрек, тасыған өзен мен мал даусының жаңғырығы, ынтық жастардың оңашада бас қосуы - бәрі де реалистік тұрғыда әсерлі сипатталады. Жақындар құдайымның көктен күні, Тең болар жарлықпенен күн мен түні. Аспаннан рақымменен күн төнгенде, Қуанып қыбырлайды ыныс-жыны (Алтынсарин. Таза бұлақ. - А., 1988, 93-6.),- деп, Алтынсарин күн бейнесін бүкіл тіршіліктің қайнар көзі, мейір-шапағаты ретінде ұтымды суреттеп, «Жердің қуануы» ұғымын жас баланың ұйқыдан оянып гүлдей жайқалып шыға келуімен астастырады. Абай Алтынсаринның осы бейнелі сөз тіркесін «Жазғытұры» өлеңінде: «Күн - күйеу, жер - қалындық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті... Күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, Біреуіне біреуі қосылыспай, Көңілі күн лебіне тойғаннан соң, Жер толықсып түрленер тоты құстай...» - деп, көркейте жетілдіріп, сомдап қолданады. Осы тұрғыда М. Әуезовтың: «Абайдың кейін жазатын осы алуандас «Жазғытұры», «Жаз», «Күз» «Қыс» дейтін өлеңдерінің бәрінен біз жаңағы айтылған, Алтынсарин салған тың жолдың түгелімен қабыл алынып, онан әрі көркейіп, дами түскенін білеміз» деген пікірі өте орынды айтылған (Әуезов М. Көрсетілген еңбегі. 213-6.). Абай мен Алтынсаринның табиғат лирикалары мағыналық жағынан ұқсас, оларда жарыса жырлау дәстүрі (нәзира) мен стиль бірлігі ортақ және өлеңдерінің мазмұны мен құрылысы сабақтас, өзара үндес келеді. Қазақтың ұлы ағартушыларының адамгершілік ой-тұжырымдары өрнектелген Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Алтынсаринның «Жаратты неше алуан жұрт бір құдайым» атты өлеңі Ескендір патшаның төңірегінде құрылып, өрбітіледі. Алтынсаринде оқиға желісі жинақталып, қысқа қайрылса, Абай шығармасы дамымалы мазмұнға құрылған. Ескендір патшаның уәзірі ретінде Алтынсаринде Қыдыр Ілияс, Абайда ежелгі грек философы Аристотель алынған. Бұл шығармаларында Абай мен Алтынсарин дүние жүзін түгел жаулап, адам қанын судай шашқан тойымсыз патшаны әшкерелейді, сол арқылы бүкіл адамзатқа ой салып, адамгершілікке шақырады, ізгілікті ту етіп көтереді. Екі ақын да бір тақырыпты өздерінше қайталай жырлап, адамгершілікті, имандылықты арнайы сөз етеді. Мұндай ұқсастықтар Абай мен Алтынсарин шығармашылығының бір бағыты - орыс классиктерін тәржімалау тәжірибесінен де байқалады. Олар орыс әдебиетінің рухы мен стилін сақтап, қазақ оқырмандарының табиғатына етене жақын етіп аударудың көркем үлгісін жасады. Абай буған қоса өлеңнің түпнұскалық мән-мазмұнын дәл беруге, ой-қорытындысын өзгертпей жырлауға ерекше көңіл бөледі. Ал Алтынсарин дәлдіктен гөрі, мазмұн бірлігін сақтауға зер салған. Абайдың И. А. Крыловтан аударған «Қарға мен түлкі» мысалы мазмұны мен стилі жағынан түпнұскаға мейлінше жақын болып келетін болса, Алтынсарин осы өлеңді Абай секілді 7- 8 буынды жыр үлгісімен емес, 11 буынды қара өлең түрінде аударған. Ол Крыловтың «ангельский голосок» деген тіркесін: «сөзің күміс, алтын» десе, енді бірде: «сандуғаш, бұлбұлдарды көріп едім» деп, қазақ ұғымына жақындатып алады. Қоғамдық құрылысы мен әлеум. ортасы ортақ, бір дәуірде өмір сүрген қазақтың екі ұлы ағартушысы туған халқын өнер-білімге үндеді. Абай ел-жұрттың көкірек-көзін оятпақ болса, Алтынсарин техника тетіктерін үйренуге шақырды. Олардың жастарды білім алуға, ғылым жолына түсуге үндеген ой-тұжырымдары өзара өзектес, сабақтас келеді

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық көзқарасының қалыптасуы

Ыбырай (Ибраһим) Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Ол 1841 жылы қазіргі Қостанай облысының аумағында дүниеге келді. Әкесінен ерте айырылған ол атасының — белгілі би және старшын Балқожа Жаңбыршинның қолында тәрбиеленеді. Ыбырай бала кезінен бастап білімге және өз бетінше оқып білуге бейім екенін байқатты. Көп оқыды, Ресей қоғамының білімді адамдарымен жиі араласып тұрды. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В. Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасын Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді. Білген үстіне біле түссем деген құмарлық пен өз халқыма неғұрлым көбірек пайда келтірсем деген абзал арманға ұмтылыс жас Ыбырай дың өмірлік ұстанымына айналды. Өзінің мінез-құлқы жағынан қарапайым әрі еңбек сүйгіш еді, көп оқыды, өзге халықтардың қол жеткен табыстарын неғұрлым көбірек біле түссем деп армандады. Алған білімін өз халқының пайдасына асыруға талпынды. 1857 жылы ол Орынбор шекара комиссиясы жанындағы мектепті алтын медальмен бітірді. Ыбырай орыс, араб, татар және парсы тілдерінде еркін сөйлей білді. Кейінірек халық ағартушысы ретінде өз білімін өзінше оқып, арттыра түсуді белсенді түрде жалғастыра түсті. Дүние жүзі әдебиетінің классиктері В. Шекспирдің, И. Гетенің, Д. Байронның, А. Пушкиннің, Н. Гогольдің, М. Лермонтовтың, Ғ. Низамидің, А. Фирдоусидің, Ә. Науаидың шығармаларын зор зейін қойып оқыды. Ы. Алтынсариннің педагогикалық көзқарасының қалыптасуына орыс педагогы К. Ушинскийдің және чех ойшылы Я. Коменскийдің еңбектерімен таныс болуы игілікті әсерін тигізді. Ы. Алтынсарин орыстың көрнекті демократтары Н.Г. Чернышевскийдің, Н.А. Добролюбовтың, А.И. Герценнің және басқалардың шығармаларымен де таныс болды. Мектепті бітіріп шыққан халық ағартушысы Ы. Алтынсарин үш жылдай атасының қол астында кеңсе қызметкері болып істеді. Осы жылдар ішінде ол өз халқының сауатын ашып, білімін көтерудің аса қажет екенін жете түсінді.

Ағартушының педагогикалық қызметі

Білімін өзі жүйелі жетілдірудің нәтижесінде ол өз заманының аса білімді азаматы болды. Орыс педагогика ғылымының тарихы мен өз тұсындағы жағдайын терең зерттеп білу оны қазақ халқының аса көрнекті ағартушысы етіп қалыптастырды. Ы. Алтынсарин орыс-қазақ мектептерінің оқу- шыларына арнап екі оқу құралын: «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясы» мен «Қырғыздарга (қазақтарга) орыс тілін уйретуге алғашқы басшылық» жазып шықты. Ол қазақ балалары үшін зайырлы мектептер ашуды армандады. 1860 жылы облыстық басқарма оған Торғай қаласында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды. Өзі сол мектепте орыс тілінің мұғалімі етіп тағайындалды. Ағартушылық идеялары жігерлендірген ол ауыл-ауылды аралап, жергілікті халыққа білім алудың маңызы мен қажеттілігін түсіндіруге күш салды. Ондай мектептер ашу үшін қаржы-қаражат жинауды қолға алды. Ондай ақшаның алғашқы үлесін Ы. Алтынсариннің өзі қосты. Осыдан бастап оның ағартушылық және педагогикалық қызметі басталды. 1864 жылы қазақ балаларына арналған интернаты бар мектеп салтанатты түрде ашылды. Үгіт жұмыстарының нәтижесінде оқуға 16 бала жазылды. Кейінірек бұл мектептердегі оқушылардың саны арта бастады. Халық ағартушысы жүргізген үгіт жұмыстары нәтижелі болды. Бұл ретте ол былай деп қуана жазды: «Аш қасқырдың қойға ұмтылғаны сияқты, мен балаларды оқытуға қызу кірістім және мені өте қанағаттандыратыны — бұл балалар әлдеқандай уш айдыц ішінде оқуды, тіпті жазуды үйреніп алды». 1879 жылы Ы. Алтынсарин Торғай облысы мектептерінің инспекторы болып тағайындалды. Оның еңбегінің арқасында білім беру саласы қазақ даласында кең орын алды. Атап айтқанда, облыстың барлық уездік қалаларында училищелер ашу қолға алынды. Ол осы мақсатпен Торғай облысының қазақ ауылдарын түгел аралап шықты. Халықтан қажетті қаржы жинастырды. Соның нәтижесінде Ырғыз, Николаев, Торғай және Елек уездерінде екі сыныптық орыс-қазақ училищелерін ашты. Оларды мұғалімдермен және оқушылармен толық қамтамасыз етті. Ол мектептердің жабдықталуына, олардың жанында шағын кітапханалар ұйымдастыруға ерекше күшті мән берді. Қазақстанда қыз балаларға білім берудің басталуы да Ы. Алтынсариннің есімімен байланысты. Аса көрнекті халық ағартушысының басшылығымен қыз балаларға арналған бірнеше мектеп ашылды. Ол мектептердің жанында интернаты болды. 1886 жылы мектеп-интернаттарда 211 қыз бала оқыды. Ы. Алтынсарин мектепті халық ағарту ісінің маңызды буыны санады.

Ыбырай Алтынсариннің экономикалық көзқарасы

Ы. Алтынсарин жан-жақты білімді адам болды. Білімді адам ретінде ол прогреске, білімге ұмтылудың қазақ халқы үшін қаншалықты зор маңызы бар екенін айқын көре білді. Ол қазақтардың арасында ағартушылық жұмыстарын жүргізіп, темір жолдар мен электр қуатының, егіншілік кәсібінің, телеграфтың және әр түрлі қолөнердің пайдасы туралы айтып берумен болды. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін қажетті мамандар даярлауға ерекше мән берді. Қолөнер және ауыл шаруашылық училищелерін ашуға да көп күш-жігер жұмсады. Алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауымының өкілдерімен кездесу кезінде қолөнер кәсібі, бау-бақша егу, мал өсіру және диқаншылық жөнінде жазылған оқу құралдарын табуға көмектесулерін өтінді. Ол қазақ жастарына тері илеу, сабын қайнату, май шайқау және кірпіш күйдіру, көзе жасауды үйретуге тырысты. Сондай-ақ ағаш ұсталығы, темір жону, слесарьлық кәсіпке баулуды да армандады. Ол жастарға жаңа машиналарды қалай пайдалану, ауру малдарды қалай емдеудің және зиянды жәндіктерге қарсы қалай күресудің тәсілдерін үйретуге тікелей өзі де қатысып жүрді. Өзінің очерктер мен ауызекі әңгімелерінде қазақтарды диқаншылықпен айналысуға шақырды. Ы. Алтынсарин жастарды еңбек сүйгіштікке баулыды, уақытты босқа өткізуден және жалқаулыққа салынудан сақтануға шақырды.

Ыбырай Алтынсариннің ғылыми және әдеби қызметі

Ол өз замандастары арасында ғалым-этнограф, көсемсөзші әрі ақын ретінде де кеңінен танылды. Ол Орыс географиялық қоғамы Орынбордағы бөлімінің толық мүшесі болды. Географиялық қоғамның тапсырмалары бойынша баяндамалар жасап түрды, қазақ халқының этнографиясы бойынша мақалалар жариялады. Атап айтқанда, Кіші жүз қазақтарының адамды жерлеу, ас беру, құда түсу, қыз ұзату және той жасау дәстүрі, ежелгі әдет-ғұрып зандары туралы зерттеу мақалалары жарық көрді. Ол өзінің жұмыстан қолы босаған кездерінің бәрін де ауыл арасында өткізді, туған халқының тарихы, фольклоры, шежіресі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі туралы материалдар жинастырды. Өзінің көзі тірісінде бірқатар ғылыми мақалалары журналдар мен газеттерде жарияланды. «Орынбор ведомствосы қырғыздарының құда түсу мен үйлену тойы кезіндегі әдет-ғұрыптарының очеркі» атты еңбегінде үйлену тойларына байланысты толып жатқан әдет-ғұрыптарды тәптіштей суреттеді. Ы. Алтынсариннің әдеби мұрасы да едәуір елеулі. Ол И.А. Крыловтың мысалдарын, Л.Һ. Толстойдың әңгімелерін орыс тілінен қазақ тіліне аударумен қатар өзі де қысқа әдемі әңгімелер жазды. Ы. Алтынсариннің қаламынан туған аудармалар, өлеңдер, әңгімелер, мысалдар, этнографиялық очерктер мен ертегілер оқырман жүрегіне жол тапты. Оның шығармаларының тақырыбы да әр алуан. Ы. Алтынсаринді қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаушы деп айтуға болады. Ыбырай Алтынсарин тамаша ақын да еді. Оның «Азған елдің билері», «Әй, достарым!», «Әй, жігіттер!», «Ана» атты өлеңдерінің адамгершілік-ғибраттық сипаты басым. Ақынның бұл өлеңдерінен қазақ жастарының талай ұрпағы үлгі-өнеге алып, тәрбие көрді. «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңінің: «Бір Құдайға сиынып, Кел, балалар, оқылық, Оқығанды көңілге Ыкыласпен тоқылық! Оқысаңыз, балалар, Шамнан шырақ жағылар. Тілегенің алдыңнан Іздемей-ақ табылар...» — жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы өте зор. Ы. Алтынсариннің шығармаларында қазақтардың өмірі шыншылдықпен бейнеленді. Оларда білімге, ғылымға деген құлшыныстың қажеттігі кеңінен насихатталды. Жастарды оқу-білімге шақыра отырып, ол өзге халықтардың мәдени өмірін, олардың ғылымда қол жеткізген табыстарын үлгі-өнеге ретінде мысалға келтірді.

Ағартушының қоғамдық-саяси қызметі

1868 жылы Ы. Алтынсарин Торғай уездік басқармасына іс жүргізуші ретінде қызметке орналасты. Содан соң уезд бастығының аға көмекшісі және уақытша уездік судья міндеттерін қатар атқарды. Қызмет бабымен қазақ ауылдарында жиі болып тұрды. Өз халқының аса қажетті мүдделері неде екенін жақсы білді. Болыс басқарушылары мен ауыл старшындарының сайлауына қатысып жүрді. Ол сайлау кезінде дауысты сатып алудың, парақорлық пен қиянат жасаушылықтың орын алуына жол бермеуге тырысты. Бұған риза болмаған байлар оның үстінен облыстық басқармаға, әскери губернаторға және одан әрі Ішкі істер министрлігіне шағым жасады. Оны 1868 жылғы «Уақытша ережеде» белгіленген сайлау тәртібін бұзды деп айыптады. Ы. Алтынсарин қарапайым халықтың қамын ойлады. Ол өзінің парасатты мінез-құлқы және барынша адалдығы, халық алдындағы атағы мен беделінің аркасында ақталып шықты. Ол өзінің халық алдында сөйлеген сөздерінде патша үкіметінің отаршыл аграрлық саясатын ашық сынады. Патша үкіметі шенеуніктерінің озбырлық іс-әрекеттерін, олардың жергілікті қолшоқпарларын айыптады. Мәселен, ол 1864 жылғы хатында былай деп жазды: «Қызмет бабы бойынша мен байлармен жиі қақтығысып қаламын. Маған жамандық ойлайтындар лауазымды адамдар арасында да бар. Олар қорғансыз кедейлерді арсыздықпен талап-тонауда...» Ы. Алтынсарин патша өкіметінің жергілікті халыққа қысым жасайтын жүгенсіз саясатын айыптап отырды. Оған 1880 жылы «Оренбургский листок» газетінде жарияланған мақалалары айқын дәлел. Ол өз ғұмырының соңғы кезінде былай деп жазды: «Мен түбегейлі терең сеніммен туған халқыма шамамның келгенінше пайдамды тигізсем деген ниетімнен ешқашан бас тартпаймын». Ы. Алтынсариннің үшан- теңіз еңбегі қазақ халқының экономикалық дамуына, білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани және мәдени гүлденуіне игі ықпал етті. Оның есімі халықтың есінде мәңгі сақталады. Бүгінде Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік білім академиясы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталады. Еліміздегі педагогтар қауымының ең таңдаулы өкілдері жыл сайын Ы. Алтынсарин атты төсбелгімен марапатталады. Ағартушы ғалымның қүрметіне жыл сайын ғылыми конференциялар өткізіліп түрады. Мұғалімдердің Ы. Алтынсарин туралы жазған хаттарынан : «Марқұмның мен қазақ даласында болған кезімдегі бүкіл өмірі өзінің сүйікті халқына білім беру жолындағы ағартушылық қызметіне арналды. Ол халық өмірінің қалай бет бұрып бара жатқанын мұқият бақылап отырды және оны терең түсіне білді... Мұғалімдерге қатаң талаптар қойды, әрбір іске барынша ұқыпты қарауды талап етті, ол өз міндетіне жүрдім- бардым қарап, жұмысты шала-шарпы орындайтындарды қатаң жазалап отырды. Оқу ісін өзі қандай жанын сала жақсы көрсе, өз инспекциясына қарасты мұғалімдерден де тап соны талап етті. Ол өзінің шын жүректен шыққан тартымды әңгімелері арқылы мұғалімдерді оқу ісіне шын ниеттерімен құлшынып, адал еңбек етуге жұмылдыра білетін. Жұрттың көз алдында бізді соншалықты жоғары бағалайтын, өзгелерді мұғалімдерге ең адал ниетті азаматтар ретінде зор құрметпен әрі мақтанышпен қарауға мәжбүр етті. Ол әрдайым қасынан мұғалімдерді қалдырмай, өзімен бірге ертіп ала кететін, оларсыз сапарға сирек шығатын. Ол әсіресе жас қазақ мұғалімдеріне ерекше қамқорлықпен сүйсіне қарайтын... Оны мұғалімдер де жанындай жақсы көретін... Ол өзінің жеке өмірінде де өте сүйкімді, жомарт жүректі ақ көңіл адам болды. Онымен қашан болса да, қандай мәселемен болса да емін-еркін ашық сөйлесуге, ақыл-кеңес сұрауға мүмкін еді. Қашан болса да ақ көңіл адал ниетімен ақылын айтуға, тіпті нақты ісімен көмектесуге әрқашан әзір тұратың. Қазақ халқы да оны қатты құрметтейтін. Олай ететін толық жөні де бар еді: оның есігі келем деушілердің қай-қайсысына болса да әрқашан ашық тұратын. Ол өзінің ақыл- кеңесін берумен ғана шектелмей, қиын-қыстау кезде қиналып келген адамға өз қалтасынан ақша да беріп жіберетін, кейін оны көбінесе қайтарып ала да бермейтін. Орыс тұрғындары да оған қайырымды да әділетті адам ретінде сый-құрметпен қарайтын. Қостанайдың зиялы қауымы оны сағына күтетін. Өйткені ол көпшілікпен ортақ тіл табысып сөйлесетін, отырыстың сәнін кіргізетін, көңілді де сүйкімді әңгімелер айтатын... (Мұғалім Ф.Д. Соколовтың естелігінен)

ShakarimШәкәрім Құдайбердіұлы 1858 жылы Семей облысының Абай ауданынының Шыңғыстау бөктерінде туған. Әкесінен жеті жасынан жетім қалды десек те, атақты Құнанбай қажының ерке немересі, ақылы мен білімі дария Абайдай ағасы бар бала Шәкәрім материалдық жағынан да, рухани жағынан жоқшылық пен жетімдік көрмейді.
Бойында табиғи таланты, ақындық дарыны бар Шәкәрімнің өмірдегі ұстазы, мектебі, университеті – Абай болды. Ұстазының «Ғылым таппай мақтанба, пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге, артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» – деген өсиетін бойына сіңіріп, санасына тоқып өскен Шәкәрім ғылым-білім жолында бар өмірін сарп етті. Жеті жасынан өлең шығара бастаған дарынды бала жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастайды, ғылым жолына қарай ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды. Түрік, араб, парсы, шағатай және орыс тілдерін жетік меңгерген ақынның бойынан әлем мәдениетінің озық үлгілерінің көбін оқығанын байқауға болады.
«Шәкәрімнің өмірі – өлеңінде» деп ғалым абайтанушы, шәкәрімтанушы, мұхтартанушы Қайым Мұхамедханұлы айтқандай, «Мұтылғанның өмірі» деген ғұмырбаяндық дастанына шолу жасасақ, оның бар-өмірін танып білеміз. Ақын: «Он жасыма келген соң, домбыра, гармонь білген соң, мылтық атып жүрген соң, аңшы боп түстім азапқа» дейді. Жасы он бестен асқанда, ақылы кемелденіп, ой өрісі тереңдеп өсе бастаған Шәкәрім ғылым жолына ойысып, ақындық өнерін де жарыққа шығара бастайды.

Ақындық өнер жолына түскенде он тоғыз жасында жазған өлеңі көбінесе жастарға арналған.
Кел жастар, біз бір түрлі жол табалық,
Арам айда, зорлықсыз мал табалық,
Өтпес өмір, таусылмас мал берелік,
Бір білімді данышпан жан табалық…деп, жастарды Абайдан үлгі-өнеге алып, тәлім алуға шақырады.

«Жиырмадан өткенде, азғана ғылым оқыдым, Алғыздым кітап шеттен де, көңілге біраз тоқыдым деген ақынның жиырма жасында жазған өлеңдері көбіне жастық, махаббат өлеңдері болды.
Ол алғашқы жинағы «Қазақ айнасындағы» (1912) өлеңдері қамтитын тақырыптың бастысы – адам тағдыры, адам өмірінің мәні, адамгершілік тәрізді философиялық ой-таным. Жанға, тәнге, көңілге, өлім мен өмірге байланысты өлеңдер («Өзіме», «Өмір», «Талап пен ақыл», «Адамшылық», «Адам немен», т.б.) Шәкәрім поэзиясының желісі. Өлеңдерінде ой-тереңдігі, ақындық танымның кеңдігі көзге айқын шалынады.
«Жиырма мен қырықтың арасы: жас өмірдің сарасы, бос өткенін қарашы»,-деп налиды. «Туған елім надан бұл» деп қапалана отырып, өз мінін ашық айтып аяусыз сынайды. Яғни, бұл кезде Шәкәрім Құнанбай әулетінің дәстүрімен болыстыққа сайланады.
Шәкәрім өзінің жазған өмірбаянында ойлаған ойын, сезім-сырын, наным-танымын, істеген ісін, қысқасы, бар шынын – жасырмай да асырмай, қалқысыз көңілмен айқындап, ашық айтады.
Ақын қажылыққа барған сапарында Стамбул кітапханаларында болып, көптеген ғалымдармен жолығады. Сапар мақсатын «Мұтылғанның өмірі» деген өлеңінде ұзақ айтады:

Он үш күн боп Стамбулда, керек кітап табылғаны-ай!
Парижда да оқыған жан,түрік, шеркеш һәм үндістан…
Сол ойды бес жыл жаздым,арыдым, шаршадым, аздым.
Көп инемен құдық қаздым, сырым, ойым, жайым сондай,-дейді.
Міне, сонау қиын-қыстау тар заманда дүниеге келген, арнаулы білімі жоқ ақынның адам ретінде, азамат ретінде қалыптасқан қабілетіне, табиғат бойына аямай берген талатының тереңдігі мен данышпандығына тәнті боласыз.

Шаһкәрім – философ. Ол тек қазақ халқының ғана емес, барлық туыстас түркі халықтарының, тіпті барлық Шығыс мәдениетінің, одан қалды орыс халқымен барлық Еуропа елдерінің философиялық ой-танымдарын зерлеп, өз халқының ұлттық дәстүріне негіздей отырып, жетілдіріп, философиялық ойымызды, дүниетанымымызды әрі қарай дамыта түскен ойшыл.
Ақын «Көп білімім жоқ бойымда, шын мақтан жоқ ойымда, кеш сөзімнің кемдігін»,-деп өзінің білімінің аздығына кешірім сұрайды. Дегенмен, ойшылдың өз бетімен ізденіп, қол жеткен білімі аз болмаған. Әдебиет, өнер жағын былай қойғанда, дүние жүзіне аты әйгілі философтардың біразын оқығаны байқалады. Мысалы, ХІХ ғасырдың екінші жартысында бүкіл Еуропаға кеңінен тараған неміс философы Шопенгауэрді оқып, оның пессимистігін сынап, өз ойын айтады:

- Шопенгауэрдің дүние – дозақ, бұл дүниеде тыныш өмір сүруге болмайды дегені дұрыс емес, – дей келе: дүние – дозақ емес, бейіс, бейісті дозақ етіп отырған адам баласының, үcтем таптың зорлығы, өзімшілдік күш қаруы, қасқырлығы. Егер адам баласы бір-біріне зорлық жасамай, барлық адам бір-біріне бір бауырдай болып, өнер-білімімен, таза еңбекпен табиғаттың байлығынан пайдаланып отырса, дүние бейіс болуында сөз жоқ. Мұны сезбей, Шопенгауэр адасқан, – дейді.

Әлемнің інжу-маржандары: Аристотель, Ибн-Сина, Ұлықбек, Кант, Платон, Сократ, Әбунасыр сияқты философтарының еңбектерін оқып, зерттеген Шәкәрімнің философиялық ой-танымына таңданбасқа болмайды.
Шәкәрімнің көп өлеңдерінде адамның көңіл-күйі, ішкі сезім әсерлерін сипаттайтын философиялық тақырыптар елеулі орын алған.

Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығы – өте күрделі құбылыс. Шәкәрім еңбектері – өмір мен қоғамның қыр-сырын сала-сала етіп мазмұндық баяндауда да, сол мазмұнға философиялық, ғылыми мән беруде де, мазмұн мен бірлігін көркемдік тұрғыда өрнектеуде де көп жүйелі, терең мағыналы туындылар. танытатын өлеңдерді де көптеп жазды. Оларда азаматтық сарын басым болып келеді. «Қазағым», «Қазақ», «Тағы сорлы қазақ», «Партия адамдары», «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» өлеңдерінде ой тереңдігі арқылы замана шындығын ашудағы ізденістері байқалады.
Ғылымның түпкі атасы – Таза ақыл мен ойлану дейді.
Шәкәрім кітаптан жан деген не? Дін деген не? Барша ғалам қалай жаралған? деген сияқты сұрақтарға жауап іздеген.
Адамдардың өмірдегі қарым-қатынасы, ақыл-парасаты, ой тазалығы адамның уайым-қайғыға бой алдырмай, саналы түрде өмір сүруіне бағыт жасайтынын айтады.
Сыр айтайын мен сізге, Әр түрлі жай бар басымда.
Елімнен кеттім елсізге, елуден асқан жасымда, -деген ақын ой қуып елсіздегі Саятқорасына кеткен ақынды сол кездегі солақай саясаттың адамдары оның бұл жалғыздығына күдіктеніп, «бандамен байланысы бар, қажының баласы» деп ақыры мерт қылады, сөйткен асыл ағамыздың денесі отыз жыл бойы құрқұдықта жаты.
Бұл тарихта кешірілмейтін күнә.

Шаһкәрім – тарихшы. Абайдың ақыл-кеңесімен ақын шежіре жазды. Шығыс, Батыс классиктерінің шығармашылығын жете танып, мұсылмандық ілім-білімді де еркін меңгерген. Түркі халықтарының тарихын терең білетін, діни, тарихи тақырыптарға «Мұсылмандық шарты», «Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханылар шежіресі», «Үш анық» еңбектер жазған ғұлама ғалым.

Шежіре кітабының кіріспесінде Шаһкәрім былай дейді: «Қазақтың түпкі атасының жайын білмек болып, көп уақыттан бері сол туралы естіген-білгенімді жазып алып, әр түрлі жұрттың шежіре кітаптарын оқыдым» дейді.
Оқыған кітаптары түрік-араб шежірелері: Табари. Түрік, араб шежірелері: «Тарих ғумуми», «Тарих ғұсмани», Нәжип Ғасымбектің «Түрік тарихы», Әбілғазы Баһадүр ханның жазған «Шежіре түрік», Ж.Баласағұнның «Құтадғу білік», Радловтың «Ұйғыр туралы шежіресі», Аристовтың «Түрік нәсілі туралы» шежіресі, «Орхон жазбалары» және әр түрлі кітаптардан алынған сөздер.

Орыс-тарихшы ғалымдарынан: Березин, Левшин, Сапсский, Маевскийлерді оқыды. Шаһкәрім осылай шығыс және орыс ғалымдарының еңбектерін оқып, қазақ халқының аңыз-әңгімелерін зерттеп, ондағы уақиғаларды тарихи шығармалармен салыстыра отырып барып өз еңбегінде пайдаланды.
Сөйтіп, Шаһкәрім он тоғыз жасынан бастап, қазақ шежіресін жазуға кірісті. «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» осындай ізденістерден кейін 1911 жылы Орынборда шықты.
Мұнда тарих, әдебиет, тіл және этнография жайында, тарихи тұлғалар туралы және басқа да әлеуметтік-тарихи мағлұматтар мол.
Сонымен, шежіре Шаһкәрімнің тұңғыш жарық көрген салиқалы еңбегі. Бұл шығарма қазақ халқының тарихын дұрыс баяндау және қазақтың түп атасын анықтап беру мәселесінде ешқашан тарихи мән-мағынасын жоймайтын құнды мұра болып қалды.
«Шәкәрімнің басқа шығармаларын түсіну үшін ең алдымен шежірені оқу керек» дейді ғалым Қайым Мұхамедханұлы.

Шәкәрім аудармашы. Көп тілді білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған. Әзірбайжанның ұлы ақыны Мұхаммед Физулидің «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасы (1907 ж.), орыстың ұлы ақыны А.С.Пушкиннің «Дубровский» атты повесін «Дубровский әңгімесі» (1908 ж.) деген атпен, «Метель» әңгімесін «Боран» деген атпен (1936 ж.) өлең түрінде аударды.
Орыс жазушысы Лев Толстойды ерекше бағалап, құрмет тұтқан. Оның бірнеше шығармаларын аударды: «Асархадон патша», «Үш сауал» әңгімелерін аударды. Оны да өзіне ұстаз санап, хат жазысып, өзіне ақыл кеңес сұрағанын ақынның баласы Ақат та, өлеңдері де айғақтайды.
«Жасымнан жетік білдім түрік тілін» деген Шаһкәрім араб, парсы, түрік, шағатай, орыс тілін жетік білгеннің арқасында шығыс және орыс классиктерінің шығармаларын түпнұсқасы бойынша қазақ тіліне еркін аударған.
Аударма мәселесі туралы ақынның өзі былай дейді:
«Ақын, жазушы өзінің төл тумасына жауаптылықпен қарайтыны сөзсіз. Ал біреудің шығармасын аудару – одан да жауапты нәрсе. Бұған өте шеберлік керек».
Шәкәрім –сазгер. Сегіз қырлы, бір сырлы Шәкәрім ойлы өлеңдеріне ән де жазған өнерлі сазгер болды. Бұл ақынның керемет өзгешелігі, талант дәрежесінің биіктігі. Ол ән жазумен қатар күй де шығарған. Ақын «Бозторғай» деген күйінің шығу тарихын да таңсәрідегі табиғат көрінісімен байланысты туғанын айтады. Ел жайлауға шыққанда, таң атып келе жатқан мезгілде аспанда сайраған бозторғайдың әдемі үніне елтіп, әсер алғаннан кейін туған күй. Шәкәрім әндерінің көпшілі 20-40 жастың аралығында туған. Сондықтан оларды жастық әндері деп аңғарсақ та, философиялық ой-тұжырымдарға жетелейді.
«Анадан алғаш туғанда» әнінде филососфиялық толғамға толы адам өмірінің бар болмысын айқындап, толғамға толы әні адам өмірінің бар болмысын айқындап, қысқа ғұмырдағы пендешіліктің бет-болмысын әшкерелей отырып, кісілікке, парасаттылыққа шақырады.
«Кәрілік туралы», «Жапанда жалғыз жаттым елден безіп», «Сұраған жанға сәлім айт» атты әндері адам өміріндегі мың алуан құбылыстарын, мінез-құлықтарын, кісілікке үндейтін жастық, махаббат сезімдерін дәріптейді.
Семейлік сазгер, журналист Арғынбек Ахметжанов ширек ғасыр Шәкәрімұлы Ахатпен дос бола жүріп қажы әндерінің шығу тарихы туралы жазған еңбектері бар. Ол Шәкәрімнің көптеген әндерін өз аузынан естіп, магнитафон таспасына түсіріп алды. Нотаға түсірген. Арғынбек Ахметжановтың айтуынша ақынның 30-ға жуық әні бар көрінеді.
Ақын өмірінің дәм-тұзы таусылғанын сезгендей өмірінің соңғы жылдары «Қош жұртым» деген өлеңін жазған.
Шәкәрім әндерін лекция-концерт арқылы бүкіл Қазақстанға насихаттаған әнші, домбырашы Мәдениет қайраткері Келденбай Өлмесековтің еңбегі өлшеусіз.
Міне, бүкіл адамды кемелдікке жеткізу идеялары туралы ұстазы Абайдан бастау алған Шәкәрім – әдебиеттің көптеген жанрларында туындылар жасаған қаламгер. Шығармашылығының басты тақырыбы сол кездегі қазақ қоғамының бар саласын қамтыған. Ол әсіресе, Абай үлгісін шашуда елеулі еңбек етті. Сондықтан Абай дәстүріндегі көркемдігі жоғары, мазмұн, түр жағынан сонылығы басым, үлкен қоғамдық-әлеуметтік мәні бар лирикалар туғызды. Абай ұстанған ағартушылық, гуманистік көзқарасты қатты қолдады.
Ол қазақ әдебиетінде Абай қалыптастырған реалистік дәстүрдің алғашқы дамытушыларының бірі болды. Өзі өмір сүрген ортаның қоғамдық-саяси және әлеуметтік сыр-сипаттарын көре білуде, халыққа жол көрсетуде Абай бағытын, ұлы ағартушы ақын дәстүрін ұстанды.
ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті тарихында Абайдан кейінгі ұлы ақынымыз – Шәкәрім өзінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында мол әдеби мұра қалдырды. Оның өлеңдері мен поэмалары, прозалық шығармалары мен публицистикалық мақалалары, жұмбақтары мен мысалдары, философиялық ой пайымдары, түрлі тілдерден тәржімалаған туындылары қазақ әдебиетінің тарихына қосылған баға жетпес асыл қазына болып табылады.
Ақынның осындай табиғи талантының түп-тамырының тереңдігі, жан-жақты, сан қырлы қабілет иесінің мұралары ұрпақтан-ұрпаққа жететіні сөзсіз.

MuhtarМұхтар Омарханұлы Әуезовтің өскен ортасы, ұшқан ұясы — бір кезде қазақ сахарасында мәдениеттің ордасы сияқты болған Абай ауданына қарайтын Шыңғыстау деген жерде. Ескіше сауаты бар атасы Әуездің көмегімен 7-8 жасқа келгенде арабша хат таниды. Осы кезден бастап қазақ әдебиетінің әр түрлі үлгілерін және ауыз әдебиеті шығармаларын оқып, Абай өлеңдерін жаттап, оқи бастайды. Мектеп жасына жетіп, үлкендер сөзін ұғатын кезден бастап тәрбиеленген жас балғынның сауаты осылайша ерте ашылды. Көзі ашық жастың қолына түскен кітап, қисса, жыр, ертектер оның жастық шағының үлкен рухани азығы болатын. Оның үстіне қазақтың бас ақыны Абаймен ауылдас, ағайын-туыс, араласы мол тілектес көрші елдің ішінен шығуы Мұхтардың жас шағының бақыты еді. Бала кезінде тұңғыш көрген ақыны – Абай болса, алғаш сауатын ашқан оқу құралы да – Абайдың қолжазба өлеңдері. Абай шығармаларымен ерте танысып, ақын шабытына еліктеп, сезімтал жүрегін ерте оятты. Абай шашқан құнарлы дәннің түймедей боп алғаш көрінген бөбешік, жаңа ғана құлақтана бастаған жас жапырақтарының бірі осы Мұхтардай талапкерлер бойынан көрінді. Сөйтіп, болашақ жазушының тұңғыш тәлім-тәрбие алған алтын бесігі, қанаттанып ұшқан ұясы – Абай мектебі болды.

«Атамыз бізді өзінше оқытатын,- деп еске алады Мұхтар -… аздап қара таныған соң, өлеңнің бірінен соң бірін жаттадым. Арасында Лермонтов, Пушкин, Крылов, Татьяна мен Онегин тәрізді құлақ естімеген өзгеше есімдер кездесіп қалады. Әуез атасының немерелеріне таң атқаннан күн батқанға дейін кітаптан бас алғызбайтын талабының арқасында әрі Мұхтардың бойындағы жазушылық талантқа алғаш түрткі боп, қиялына қанат бітіріп, шарықтап өсуіне дем берген сол орыс классиктерінің рухани азығы болды.
1907 жылы он жасында Семейдің бес кластық училищесіне оқуға түсіп, жақсы оқитын шәкірттің бірі болады. Осы училищенің 3-класында оқып жүріп, «Дауыл» деген тақырыпта шығарма жазып, оқушылар арасында ерекше көзге түсіп, талантты оқушы екенін көрсетті. Училищені үздік бітірген соң, 1912 жылы Семейдің мұғалімдік семинариясына оқуға түседі. Сол семинарияны үздік бітірген екі оқушының бірі – Мұхтар болды, онда оқып жүргенде дарынды жасты толғандырған мәселе: өнер, білім, мәдениет, әйел теңдігі, еңбекші қамы болды. Жазушы әрқашан да Абай атасының өнегелі сөздерін есінен шығарған жоқ.

Семинарияны бітіріп шыққаннан кейін Әуезов ең алғашқы еңбек жолын өзінің туған ауылында Шаған болысындағы мектепте мұғалім болудан бастайды.
Жазушының білім алған мемлекеттік оқу орындары мыналар: Семейдің бес кластық училищесі (1908-1914), мұғалімдер семинариясы (1915-1919), Ташкенттегі Орта Азия университетінің (САГУ) аспирантурасы (1923-1924), Санкт-Петербург университеті (1924-1928). Осындай оқу орындарын бітірген және өз бетімен көп ізденген ағартушы, ұстаз, ғалым, жазушы.

М.Әуезов үлкен өмірлік, шығармашылық жолдардан өткен жазушы. Ол жиырма жасында «Еңлік-Кебек» трагедиясын жазып, қазақ даласында театр өнерінің бастапқы үлгісін көрсетті. Дарынды жас жазушы «Еңлік-Кебек» пьесасын тарихта болған уақиға негізінде жазған және Еңлік-Кебек Мұхтардың туып өскен жерінде ХVІІІ ғасырдың соңғы кезінде болған тарихи шындық. Пьеса күні бүгінге дейін сахнадан түспей келе жатқан тозбайтын дүние. Пьеса өзінің талантын, көркем тілге, бейнелеу әдісіне әбден жетіліп қалған, алысқа шабар тұлпар, қиял қанатын қияға сермер сұңқар келбетті ерекше бітімін танытты. Қазақ халқының шешендік өнерін меңгерген жазушының әрбір сөзі төгілген жыр арқылы берілді.
Осы пьесадан кейін он шақты жыл ішінде көптеген әңгіме, повесть, пьесаларымен көзге түсті. «Қорғансыздың күні», «Барымта», «Ескілік көлеңкесінде», «Қыр суреттері», «Жетім», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Қаралы сұлу». «Қилы заман» секілді атақты шығармалары мен қазақтың тұңғыш театрының сахнасын ашқан «Еңлік-Кебек» және «Қаракөз», «Бәйбіше-тоқал» драмалық шығармалары көпшілік назарын бірден өзіне аударды.
Бүгінгі жан-жақты дамыған ұлттық театрымыздың өмірге келуі жазушы атымен тығыз байланысты. Ол тұңғыш театрдың шығармашылық өміріне ұзақ жылдар бойы араласып, негізгі репертуар қорын жасап, оның бағытын анықтаған драматург. Осындай туындыларымен өзінің құдіретті талант иесі екенін көрсеткен жазушы, ғалым, педагог, коғам қайраткері М.Әуезов аса құнды еңбектері үшін халық құрметіне бөленіп, жазушылық сатысының ең жоғарғы сатысына шыққан еді.
1917 жылы май айында Ералы жазығындағы Ойқұдық жайлауында Абайдың аяулы жары Әйгерімнің отауында «Еңлік-Кебек» пьесасы қойылған болатын. Онда ойнайтын артистерді де өзі тауып тамаша ойын көрсеткен еді. Сонда Мұхтар небары жиырма-ақ жаста ғана болатын. Сол пьесаны қоюшы режиссер өзі, суфлер де өзі болған екен.

М.Әуезов – журналист. Оның ең алғашқы публицистикалық мақаласы 1917 жылы жазылған «Адамдық негізі -әйел» атты еңбегі. Онда жазушы әйел тұрмысына, қоғамда алатын орнына азаматтық ой-пікір тұрғысынан пайымдаулар жасаған. Адам тәрбиесіндегі ананың, әйелдің алар орнын ерекше бағалай білген жас Мұхтардың толғақты мәселесі бүгінде қоғамның негізгі тақырыбына айналып отырғаны шындық.

AbaiҰлы ақын, ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін салушы – Абай (Ибрахим) Құнанбайұлы Шығыс Қазақстан облысы (бұрынғы Семей уезі) Абай ауданында (бұрынғы Шыңғыстау облысы) Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келді. Абай атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ол ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ зеректігімен көзге түседі. Кейін ол Семей қаласында 3 жылдық медресе тәрбиесін алады.

Абай көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болды. Шешесі Ұлжан да ақылды ананың бірі болған. Әкесі Құнанбай Өскенбайұлы орта жасқа келгенде атқа мініп, ел билеу жұмысына араласқан заманы, Ресей патшалығының Қазақстанның батысы мен орталық аймағын отарлап, ел билеу жүйесін өз тәртібіне көндіре бастаған кез.

Құнанбай өз заманында ел басқарған адам болды. Ол ел билеу ісіне балаларының ішінде Абайды баулып, араластырды. Абайды оқудан ерте тартып, оқудан шығарып алуы да сол билікке ұлын қалдыру мақсатында еді. Әке еркімен ел ісіне жастай араласқан Абай тез есейіп, балалықтан да ерте айырылып, жастайынан ел ішіндегі әңгіме, сөз өнерін, билердің шешендік өнеріне құлақ салып, өзінің ерекше талантымен бойына сіңіре білді. Елі үшін әділет жолын ұстанған Абайдың үстінен арыз да жазылып, үш-төрт ай тергеліп, ақталып шықты.

Әке-шешесінің қасында жүрсе де жас Абай оқудан қол үзбейді, бос уақытында қазақтың мәдениетін, араб, парсы, шағатай тілдерін үйренеді. Шығыс әдебиетінің алыптары Низами, Хожа Хафиз, Науаи, Физули т. б. ақындарының өлеңін жаттап өседі. Кейін ол орыс әдебиеті мен тілін өздігінен үйреніп, орыстың ұлы ойшылдары Пушкин, Гоголь, Лермонтов, Щедрин, Некрасов т. б. Шығармаларымен танысады. Сонымен бірге ағылшын ғалымы Дарвиннің, Шекспирдің шығармаларын да оқиды. Соның арқасында дүниетанымын кеңітіп, білімін шыңдай береді. Абай ауқатты отбасынан шықса да халқына үнемі жақын болды, олардың дауын даулап, мұңын жоқтады.

Жасы отыздан асқан Абай орыс тіліндегі кітаптарды мықтап оқуға бұрылады. Сол кезде Семейге айдалып келген орыс демократтарымен танысады. Соның ішінде өзінің ерекше танысып, араласқаны Михаэлис болды. 1880 жылдары айдалып келген Долгополов, Леонтьевтермен да танысып, өзі олардан үйрене жүріп, өзі де оларды халқының салт-дәстүрімен таныстырып, қол ұшын берді.

Ақынның шығармашылықпен еркін араласуы 1860 жылдар болды. Ол кезде Абай өлеңдерін басқа аттармен жариялаған, тек 1886 жылы «Жаз» деген өлеңінен бастап өз атын қоя бастайды. Ақынның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғұтыр», сонымен қатар «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр», «Сегіз аяқ» өлеңдерінің сол кездегі әлеуметтік жағдайларды түсіну үшін маңызы зор.

Абайтанудың білгірі М. Әуезовтің атап көрсеткендей, Абай мұрасының нәр алған рухани үш арнасы: өз халқының мәдени мұрасы мен Шығыс, Батыс елдерінің рухани қазынасы болды. Оқи жүріп, білімін толықтыра жүріп қырықтан асқан шағында біржола ақындыққа берілді.

Туған халқын сүйіп, оны қасіреттен құтқаруды, бодандыққа қарсы Абай халқын оятып, береке-бірлікке шақырды. Туған халқы да Абайын сүйіп, қатты құрметтеді. Өмірлік мағынасы зор өлеңдерін жатқа айтып, тұмардай сақтады. Шынында әр сөзі теңіздің тереңіне тартқандай мың батпан ойдан туған, кісіге берер шабыты мен шапағаты мол Абай әр қазақтың бағдаршамы іспетті.

Абай өлеңдері бай философиялық, курескерлік қасиетке ие. Ол ең алдымен қазақтың телегей –теңіз ауыз әдебиетінен сусындап, батырлар жыры мен ғашықтық жырларының үрдісіне мұрагерлік етті. «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» – Абайдың шығармашылық мұрасындағы поэмалары да зерттеушілердің назарында. Абай қазақ өлең үлгісін жаңаша тұрғыдан байыта түсті. Сондықтан да Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы деуге болады.

Абайдың ақындық дәстүрін ақынның көзі тірісінде тікелей дамытып, жалғастыраған ақын шәкірттері болған. Солардың ішінде ерекше орын алатыны Абайдың өз балалары.

Абай тек қана ақын емес, сонымен бірге сазгер. Халық арасынан шыққан таланттарды танып, олардың еңбегін таратушы болды. Абайдың ән шығармашылығы қазақтың халық музыкасында ерекше орын алады. «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» т. б. әндері әлі күнге халық жүрегінен жылы орын алған.

Абай өзінің шығармашылығында қара сөзге ерекше мән берген. Абай поэзиясының арқауы ғылым, білім, еңбек – осы қара сөздерде жалғасып дамиды. Қара сөздерден адамның көңіл-күйінің жарығы мен қараңғысының айнасы болған – күлкі мен қайғы туралы педагогтар арасында осы күнге дейін айтылмаған тың ой табамыз. Өйткені күлкі мен қайғы туралы ешкім Абайдай тап басып айта алмаған. Абай «күлме» демейді тек «орынсыз күлкіден сақ бол» дейді. Абай өз шығармалары арқылы рухани бірлікке шақырады.

Қорыта айтқанда, Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды.

Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті – өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр.

Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты әлеуметтік аясы кең. Өлеңдері халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

Ақын 1904 жылы туған жерінде қайтыс болды. Сүйегі Жидебай деген жерге қойылды. Қазір сол Жидебайда ақынның өзі тұрған үйде әдеби-мемориалдық мұражайы бар. Жер бетіндегі күллі қазақ қауымы өздерінің ұлы Абайымен мақтанады. Олар күн өткен сайын Абайды жаңа қырынан тануда. Өйткені Абай мұралары бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.

Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Соның бір дәлелі, Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді.

Ақынның өз кіндігінен он бала тарады. Бәйбішесі Ділдәдән: Ақылбай, Әкімбай, Әбдірахман, Райхан, Күлбадан, кенже баласы Мағауия. Екінші әйелі Әйгерімнен (Шүкіман) – Тұрағұл, Мекайыл, Ізкәйіл, Кенже. Абайдың үміт күткен талантты балалары: Әбдірахман, Мағауия, Тұрағұл, Мекайыл. Әкелерінің өлеңдерін жатқа айтып, халық арасына таратқан, әнші, домбырашы болған.

Абай есімін еске қалдыру мақсатында көптеген шаралар жүзеге асты. Ең алдымен, Жидебайдағы Абай қыстауы қалпына келтіріліп, ол Семейдегі Абай қорық мұражайының филиалына айналдырылды. Ақын жерленген зиратқа гранит пен мрамордан құлпытас орнатылды. Семейде және Қарауылда ескерткіш орнатылды.

Жалағаш ауданы

Қазақ мақтаныштары

b.Abai b.Muhtar
b.Shakarim b.Ybyrai

Онлайн кітап оқу

Онлайн кітап оқу

ruhani zhangyru logo1

Жаңа түскен әдебиеттер тізімі

baner4

Жолдау

zholday 2021

ҚР рәміздері

Мемлекеттік рәміздер

Е - Үкімет

Электрондық үкімет

Кітап күні

kitap kuni