
Аудандық кітапханада 1 желтоқсан - Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы - ел мақтанышы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды, сонымен қатар «Елін сүйген Елбасы» тақырыбында «Назарбаев оқулары» өтіп, жастарға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өнегелі өмір жолы, қызметі таныстырылды. Іс-шараның мақсаты: Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы, жүргізген саясаты туралы мағлұмат беру, жас оқырманның жүрегінде елбасына деген құрмет сезімін ояту, Отанын, халқын сүюге, азаматтыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеу. Оқушылар Елбасының «Ақыл- парасат кітабы», «Еуразия жүрегінде», «Қазақстандық жол», «Ой бөлістім халқыммен» атты кітаптарынан, қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбековтың жобасы бойынша жарық көрген «Әлем Қазақстан туралы, Президент туралы», «Елмен сырласу» тақырыбымен шыққан кітаптардан үзінді оқып еліміздің Тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында Елбасының атқарған ерен істерімен танысты. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан тәуелсіз республика болып жарияланды. Ал 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанның елбасшысы - Президенттің сайлауы болды. Тұңғыш Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды.
Мемлекетіміз тәуелсіз ел боп жарияланғалы бері экономикасы да, білім беру саласы да, медицина саласы да, өндірісі де, шет елдермен байланысы да нығайып, даму үстінде. Еліміздің зор қарқынмен дамуы және рухани жаңғыру бағытындағы жасалып жатқан барлық шаралар Елбасының сарабдал саясатының арқасы деп білеміз.












