
Жалғастырған мұраны,
Ел жұртының қорғаны.
Сегіз қырлы, бір сырлы
Қазақтың сұлтан ұлдары!- дегендей аудандық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен 12-сәуір Ғарышкерлер күніне байланысты бастауыш сыныптардың арасында «Жігіт сұлтаны» сайысы өткізілді. Жас оқырмандардың туған елі мен жеріне, ұлттық мәдениеті мен салт-дәстүріне деген патриоттық сезімін арттыру мақсатында өткізілген шарада қазақтың «жігітке жеті өнер де аз» деген аталы сөзінің тағы да куәсі болдық. «Тегін білу тектілік» дегендей сайыс қатысушылардың өздерін таныстыруынан басталды. Балалардың біліктілігі «көңілі ояу, көзі ашық» сұрақ-жауап кезеңінде сыналса, өнері мен шеберліктері «адамды адам еткен еңбек» кезеңінде айқындалды. Сөйлеу мәдениеті мен шешендігі «тапқырлық та жігіттің бір қыры» кезеңінде білінді. Сайыстың «спорт- жасұланның серігі» кезеңі кішкентай жігіттер үшін өте тартысты өтті. Қазылық жасаған Спорт бөлімінің және оқушылар Үйінің қызметкерлерінің шешімімен бас жүлдені біліктілігі мен өнері асқан, күй тартып көрермендерді өнерімен баураған Т. Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейдің б сынып оқушысы Бекет Ерсұлтан жеңіп алды. Қатысушылардың барлығы түрлі номинациялармен марапатталып, сыйлықтар алды.












