Бертаев Серік

Бертаев Серік 1954 жылы 20 мамыр күні Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы қазіргі Мәдениет ауылында дүниеге келді.
Мәдениет ауылындағы №32 орта мектепті бітіргеннен кейін 1971-1976 жылдары Жаңадария совхозының №3 фермасында шопан болып еңбек еттім. Сол жылдары жас шопан жігерлік танытып әр жүз аналықтан жоспарлы төл алып, мал басын аман сақтадым. Сөйтіп, бес жыл қатарынан аудан жеңімпазы болдым. Қой санын өз төлі есебінен көбейту жолында жемісті еңбек еттім. Елге сіңірген адал еңбегім бағаланып, Қазақ ССР ауылшаруашылығы Министрлігінің Құрмет грамоталарымен және ВЛКСМ облыстық, аудандық комитеттерінің Мақтау қағаздарымен марапатталды.
1976-1978 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышымды атқардым. Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып, журналист мамандығын алып шықтым. 1984 жылы Жалағаш аудандық (сол кездегі “Жаңадария”) қазіргі “Жалағаш жаршысы” газетінде әдеби қызметкер болып қызметке қабылдандым. Бұдан кейін радио хабарын ұйымдастырушы, сектор меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, редактор қызметтерін абыроймен атқардым. 2007 жылы аудан әкімі аппаратында баспасөз хатшысы болдым. 2007 жылдың қараша айынан бері аудандық “Жалағаш жаршысы” газеті редакторының орынбасары.
2004-2006 жылдары аудандық газет редакторы болып басылымға басшылық жасадым. 2006 жылдың қорытындысымен “Жалағаш жаршысы” газеті түрлі-түсті бояумен безендіріліп, сапалы әрі мазмұнды шығуына байланысты аудандық газеттер арасында облыс әкімінің “Ең үздік басылым” номинациясын иеленіп, жеңімпаз басылым атанды. Сол кездегі өтпелі қиын кезеңдерге қарамастан редакция қызметкерлерінің психологиялық ахуалы тұрақталып, қаржылық-материалдық жағдайы жақсара түсті.
Жазған мақалаларым мен өлеңдерім облыстық, республикалық басылымдарда жарияланды. Өлеңдерім бірнеше жинақ кітаптарға енгізілген. 2011 жылы ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне байланысты “Тәуелсіздік таңы” атты кітабым жарық көрді. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесімін. Ел игілігінің мүддесі жолындағы еңбегім ескеріліп, Қазақстан Журналистер Одағының Дипломымен, облыс әкімінің, облыстық ішкі саясат басқармасының, аудан әкімдерінің “Алғыс хаттарымен”, “Нұр Отан” ХДП облыстық, аудандық филиалдарының, Қызылорда облыстық Журналистер Одағы, облыстық кәсіподақ кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Отбасылы, 4 бала тәрбиелеп өсіріп, 5 немере сүйіп отыр.












