Үркімбаев Төлеубай
Үркімбаев Төлеубай 1898 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. 16 жасынан бастап Жосалы, Жалағаш теміржол стансасында жұмысшы болып істеген (1914–1917).
Шығармалары мерзімді баспасөз бетінде 1929 жылдан бастап жарияланып тұрды. Өлеңдері ақындардың ұжымдық жинақтарына («Он жылдағы олжа», 1930; «Халық ақындары», 1953; «Ақын жырлары», 1958; «Пернедегі термелер», 1965) енген. Жеке өлеңдер жинағы «Өлеңмен өрілген шындық» деген атпен 2002 жылы жарық көрді. Ұлы Отан соғысы кезінде өлеңдері майдандық газеттерде жарияланып тұрды. Аудандық, облыстық ақындар айтысына белсене қатысқан.
«Қазақстанның XV жылдығы» белгісімен (1935), «Құрмет Белгісі» орденімен (1945) және «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған (1945). Туған ауылы мен Жалағаш аудандық орталығында көшеге Т.Үркімбаев есімі берілген.1956 жылы қайтыс болған.












