Жүргенов Темірбек
Жүргенов Темірбек Қараұлы 1898 жылы Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылында туылған.1938 жылы Алматыда қайтыс болған.Ол - мемлекет қайраткері. Тұрмағамбет Ізтілеуов ұстаздық еткен ауыл мектебінде сауат ашып, кейін Аламесектегі орыс-қазақ мектебінде, Перовскідегі (Қызылорда) Суханский атынд. училищеде бастауыш білім алған. 1917 ж. Уфа жер-шаруашылық училищесіне оқуға түскен. Осында оқып жүріп қоғамдық өмірге белсене араласты, студент жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысты. 1918 ж. «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енді, Торғайдағы кеңестер съезін шақыру бюросының мүшесі болды. 1919 ж. Ырғыз уезі Кенжеғара болысы рев. комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған. 1920 ж. БК(б)П қатарына өтіп, Ырғыз уездік рев. комитетінің, уездік жұмысшы, солдат және шаруа депутаттары атқару комитетінің төрағасы болып сайланды, 1921-23 ж. Орынборда жұмысшы ф-тінде оқыды. 1923 ж. Ташкенттегі Орта Азия мемл. университетінің құқық ф-тіне оқуға жіберілді. Осында оқып жүріп, ол Қазақ АКСР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі болып тағайындалды, Қазақ АКСР-і мен Түркістан Республикасының ОАК-теріне мүше болып сайланды, өлкелік және респ. партия ұйымдарының конференциялары мен пленумдарына қатысты. Орт.Азияда құрылған республикалар аумағының ұлттық-аумақтық межеленуіне атсалысты. Бұл мәселе төңірегінде «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттеріне мақалалар жариялады. 1926 ж. Ташкенттегі Қазақ пед.институтының директоры болып тағайындалды. Институтқа акад. В.В.Бартольд, проф. С.Е.Малов секілді ғалымдарды шақыртып, институт жұмысын жандандыруға күш салды. Жоғары оқу орындарына арналған саяси экономия және құқықтану пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударды. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға ат салысты. 1929 ж. Тәжікстан үкіметінің қаржы комиссары, 1930-33 ж. Өзбекстан үкіметінің халық ағарту комиссары, 1933-37 ж. Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Ол Қазақстанның Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов сияқты қайраткерлерді тартты. Ж-тің тікелей араласуымен «Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы» қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артуына негіз қаланды. Ж. Халық ағарту комиссариатын ұлттық мәдениетті өркендету штабына айналды. Ол 1934 ж. Алматыда өткен Бүкілқазақстандық халық өнерпаздарының 1-слетін, 1936 ж. Мәскеудегі Қазақстан өнері мен әдебиетінің онкүндігін негізгі ұйымдастырушылардың бірі болды. Онкүндік кезінде республикамыздың өзге де мәдениет қайраткерлерімен бірге Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ж.- ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға көп көңіл бөліп, қазақ жастарының КСРО-ның орт. қалаларындағы оқу орындарында білім алуына көмек көрсетіп отырды. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. қайраткерлердің шығарм. жұмыспен айналысуына жағдай жасады. Ж. Қазақстанда алғашқы музыка театрын (Қазақ опера және балет театры) ұйымдастыруға үлкен үлес қосты. Қазақ әндері туралы А.В.Затаевичке көптеген мәліметтер берді. 1937 ж. КСРО Жоғ. Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Осы жылы 3 тамызда «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталып, РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10,11- тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. КСРО Жоғ. соты әскери коллегиясының 1957 ж. 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып ақталды. 1993 ж. Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясына Ж.есімі берілді. Алматы, Қызылорда қалаларында, Ақтөбе обл. Ырғыз ауд. мен Қызылорда обл. Жалағаш ауд-нда Ж. есімімен аталатын мектептер мен көшелер бар. 1998 ж. Ж-тің 100 жылдығы республика көлемінде аталып өтті. Туған жері Жалағаш кентінде ескерткіш орнатылды.












