Аудандық кітапханада Елбасының «Рухани жаңғыру, болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласы бойынша «Латын әліпбиіне көшу-уақыт талабы» тақырыбында оқырмандар конференциясы өтті. Оқырмандар конференциясының мақсаты: қазақ тілімізді латын әрпіне көшірудің халқымыздың білімі мен мәдениетіне тигізетін артықшылығын түсіндіру. Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммунмкацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты. Осы шараға арналып «Латын әрпіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Латын әрпін насихаттауға арналған оқырмандар конференциясына кент орталығындағы мектептердің мұғалімдері Салтанат Қосжанова, Лаура Кеңесова, Гүлнар Әбіласанова, Сәбира Балбырова, Күміс Қайруллаева және мектеп оқушылары қатысып, мұғалімдер қазақ тілінің латын әрпіне ауысуының маңызы туралы баяндамалар жасады. Мұғалімдер қазақ әліпбиінің өзгеруі білім ғылым саласына көп өзгерістер әкелетіні туралы айтса, №123 Т. Жүргенов атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті маманы Салтанат Қосжанова өзінің сөзінде латын әрпінің енуі қазақ тілінің мәртебесін көтеретін бірден бір құрал екенін дәйекті түрде жеткізіп берді.
Мәдениет ауылдық кітапханасында- Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын басшылыққа ала отырып «Латын әрпіне көшу-қазақ тілінің жаңа тынысы » атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.Шара барысында оқырмандар арасында латын əліпбиі туралы қызу пікірлер, мəліметтер айтылып, жас буын оқырмандары ардагер оқырманға латын әрпінде жазуды көрсетіп, ардагерлер өз есімдерін латын әрпінде жазды. Шара кең көлемде өтті.
Аққұм ауылдық кітапханасында- Елбасы Н.Ə.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында еліміз үшін Үшінші жаңғырудың басталғаны жөнінде айтқан болатын. Сондай- ақ латын əліпбиіне көшуді ұсынып, 2025 жылға дейін толықтай қолданыста болуын атап көрсетті. Елбасының шешімін қолдай отырып, оны əрі қарай насихаттау мақсатында Аққұм ауылдық кітапханасында «Латын əліпбиіне көшу - Қазақ тілінің жаңа белесі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып дөңгелек үстел өткізілді. Ауыл əкімшілігі қызметкері Ү.Құрманаева латын əліпбиіне көшу жақсы бастама екенін айтып өтті. Осы орайда оқырмандарға сауалнама таратылып, оқырмандар латын əліпбиіне көшуді қолдайтындарын білдіріп сауалнама толтырды. Шара барысында кітапханашы латын əліпбиінің тарихына шолу жасады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын басшылыққа ала отырып Мәдениет үйі және аудандық кітапхананың ұйымдастыруымен 22 тамыз күні орталық алаңда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 172 жылдығына орай «Мен Абайды оқимын!» атты ағартушылық - поэзиялық акциясы аясында «Еркін микрофон» іс-шарасы болып өтті.«Еркін микрофон» іс-шарасының мақсаты: жастарды Абайдың мол рухани мұрасын зерттеуге, өлеңдері мен қара сөздерінің мән-мағынасын ұғынуға шақыру, ұлы Абайдың есімін ұлықтау. Елбасының: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс» деген сөздері баршамызға таныс. Іс-шараны аудан әкімінің орынбасары Тажмаханов Жағыпар Айтбайұлы ашып, Абай мұрасының қазақ жастарының тәлім-тәрбиесінде алатын маңызды орны туралы пікірін білдіріп, жастарды Абай шығармаларын терең зерделеуге шақырды. Ардагер-ұстаз Ерім Төлепбаев ағамыз Абайдың халыққа танымалы болған «Айттым сәлем Қаламқас»,«Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» атты өлеңдері қазақтың жүрегіне жақын өлеңдеріне айналып, «Ғылым таппай мақтанба», «Өлең сөздің патшасы» және тәлімдік маңызы зор «Қара сөздерінің» бүкіл адамзаттың рухани байлығына айналғаны туралы сөз етті. «Жастар ресурстық орталығының» бөлім басшысы Қожамұрат Айдос, кітапхана қызметкері Әбсаттарова Сафура Абайдың «Қара сөздерін» оқыса, жас ақындар Мәлік Оралхан, Қанибай Оралбек, Есқара Бағлан «Абайға арнауларын» оқыды.Іс-шараға қатысушы жас жеткіншектер Абай өлеңдерін, қара сөздерін нақышына келтіріп орындап, көпшілік оқырманға Абайдың шығармаларын тарту етті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында еліміздің рухани байлығын жастар санасына сіңіру, мәдени мұраларымызды ұрпақтан-ұрпаққа сабақтастыру мақсаты көзделген. Ал, білімді ұрпақ нағыз елінің болашағын жасайтын жасампаз жастарымыз, сондықтан да аудандық кітапханада «Нұр Отан» бастауыш партиясының ұйымдастыруымен «Кел, жастар, оқылық!» атты дөңгелек үстел кеші өтті. Кештің мақсаты жастардың қазіргі уақытта кітапқа даген қызығушылығын жаңа деңгейге көтеретін жана ойлар ұсыну, кітаптың мәңгілік рухани байлықтың көзі екенін дәлелдеу. Кеш барысында қатысушылар қазіргі жоғары технологияның дамыған дәуірінде кітапқа деген қызығушылық қандай деңгейде деген сұрақтың төңірегінде ой өрбітті. Кітап қашанда рухани байлық және кітаппен дос болған адамның ой-өрісі бөлек, тілге шешен келетіні қандай жағдайда да өзін салмақты ұстап,қиыннан жол таба білетін бәсекеге қабілетті болатыны айтылды.Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында жақсы кітапты қызықты етіп жарнамалау керек деген тұжырымға келді.
Аудандық кітапханада «Жастардың жарқын бастамасы» атты ақпарат тақтасы ұйымдастырылды. Ақпарат тақтаның мақсаты: ауданның түрлі мекемелерінде қызмет атқарып жүрген жастарымыздың жемісті істерін көпшілікке паш ету және өнерлі жастарымыздың инновациялық тұрғыда ой-өрісін шарықтатуда құлшынысын ояту. Сонымен қатар бұл ақпарат тақтаға оқырман өз ойын,тілегін білдіріп парақшалар жапсыра алады.Осындай ақпараттық насихаттар арқылы жалынды жастардың еңбегін көпшілікке таныстыру мүмкіндігі туады.
6 шілде –Астана күні, осы орайда аудандық кітапханада «Астана – еліміздің айбыны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.Көрме екі бөлімнен тұрады: I – «Астана – алып Шаһар». II – «Астана –«ЭКСПО-2017» көрмесі». Көрменің басты мақсаты: жастарды еліміздің тәуелсіздігі жолындағы тарихымен және Елордамыз – Астана қаласының қалыптасуымен таныстыру, сонымен қатар әлемнің назарын өзіне аударған «ЭКСПО-2017» көрмесінің Астана қаласында өтіп жатқандығын айшықтау. Көрмеге Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған кітаптар, ақын-жазушылардың Астана қаласына арнаған өлең кітаптары, Елордамыздың сұлу ғимараттарын бейнелейтін суреттер және «ЭКСПО-2017» көрмесіне байланысты баспа басылымдары қойылды.












