Phone+7 (72431) 32-0-30, 79-1-46      Mailzhalbiblioteka@mail.ru      surakКітапханашыға сұрақ

Наурыз – ежелден келе жатқан мейрам. Бұл күні - аспан денелері өздерінің ең бастапқы нүктелеріне келіп, күн мен түн теңеліп, жан-жануарлар төлдеп, адамзат баласының аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық пен бейбітшілік орнаған күн. Ұлыстың ұлы күнінде әрбір жүрекке үкілеген үміт оты маздап, бақыт есігі ашылғандай болып, «аурулар айығамын, аштар тойынамын, лыпасыздар киінемін» деп келешекке сеніммен қараған. Себебі, күн мен түн теңелгенде, жаңа ай толықсып толғанда, тұрмыс пен табиғат жаңарғанда жер жүзі жайнап, көк құт көзін (өсімдік) ашқан. Жер бетіне жақсылық ұялағанда, ұзақ пен жылқышы торғай (Нәуірзек) ұшып келген, Жер-ана тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген, Самарқанның көк тасы еріген. 22 наурыз Ұлыстың ұлы күніне орай «Жылбасы – Наурыз» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Қош келдің, әз Наурыз» мерекелік кеш өткізілді. Кеште ауыл мекемелері дастархан жайып наурыз көже таратып, үлкендерден бата алды. Кеш ауыл өнерпаздарының қойылымдары мен концерттік бағдарламасына ұласты. Өткізілген орны:Мәдениет ауылдық кітапханасы
Наурыз мейрамы — ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе бойынша (наурыздың 22) күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Ұлыстың ұлы күні деп аталған Наурыз мерекесіне байланысты «Наурызым-нұрлы мерекем» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Жалағаш аудандық мүгедектер қоғамы» мүмкіндігі шектеулі жандардың қатысуымен «Наурыз-нұр шашқан ай» әдеби-мерекелік кеш өткізілді. Мақсаты: Халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасып, дәстүрлі түрде тойланып келген жыл басы – Наурыз мерекесінің қасиеті мен дәстүрінен сыр шерту. Ұрпақтар санасына ұлттық тағылым мен ұлттық салт-дәстүрлерімізді біліп қана қоймай, қолдана білуге баулу; халқымыздың мол мұрасын саналарына сіңіре отырып, ұлттық тағылымдармен сусындап өсетін халқының азаматы болуға баулу.
Жақында көктем мерекесінің қарсаңында аудандық кітапханада мектеп оқушыларының қатысуымен «Көктем шуағы» атты байқауы өтті. Байқауға поэзия, проза жанрына қалам тартып, ана тіліміздің қадір-қасиетін түсінетін жасөспірім оқушыларымыз қатысты. Байқауға қатысушылар жаңа келіп жеткен көктем -жыл мезгілін, көктемде тойланатын аналар мейрамы мен Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесін тілге тиек етіп, өлең, эсселеріне қосты. Осы байқауда «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан № 202 мектептің 8 сынып оқушысы Тоқмырза Әлия І-ші орынды, №31 орта мектептің 8 сынып оқушысы Ілияс Сымбат ІІ-ші орынды, №246 мектептің 9 сынып оқушысы Әбдібек Нұрдәулет ІІІ-ші орынды иеленді. Ал, өнерін ортаға салып көзге түскен №123 Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейдің 7 сынып оқушысы Тыныштықбай Инабат, №201 мектеп –лицейдің 7 сынып оқушысы Шәкизада Гүлім, №202 орта мектептің 7 сынып оқушысы Раушанбек Асылхан мен осы мектептің 9 сынып оқушысы Жаңаберген Сәния «Дарын» номинациясымен марапатталды. «Көктем шуағы» атты байқауды кітапхана библиографы Раушан Қалиева жүргізді. Кештің мақсаты: Жастар шығармашылығын қолдау, отаншылдыққа тәрбиелеу, ұлттық рухты қалыптастыру, жас ақындар мен қоғамды байланыстыру, жастарды үлкен мінбелерге дайындап, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараттық қолдау көрсету, жас ақындардың бет-бейнесін қалыптастыру.
Жамбыл - қазақ әдебиетінің энциклопедиясы. Жүз жасаған абыздың айтулы мерейтойына орай, еліміздің түкпір-түкпірінде сан алуан шаралар өтетіні мәлім. Осы орайда Еңбек ауылдық кітапханасының кітапханашысы Света Шектібаеваның ұйымдастыруымен "Жыр алыбы-Жамбыл "-атты поэзия кеші өткізілді. Шараның мақсаты - ақын шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау. Сол арқылы жас ұрпақтың елге, жерге деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру. Кеш барысында кітапхана оқырмандары ақынның жыр жолдарынан өлең оқыды. Кештің негізгі қонағы Ж.Жабаевтың шөбересі , этнограф, ғалым М.Байділдаевтың келіні, зейнеткер ұстаз Б.Жамбылова Бағила атасы туралы көп естеліктер айтып, балалық шағын есіне алды. ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл атасының бақытын жастарға жыр етті.
Ата – баба, жер-су, атамекен жайлы сөз қозғағанда тарих тереңіне үңіліп, суыртпақтап, нақты деректермен аңыз-әңгімелерге сүйене отырып, кейінгі ұрпаққа зерделеу, әр ұрпақтың тұсындағы міндеті. Осы қиын да қызықты парызды арқалаған жергілікті журналист ағаларымыз, «Киелі жерім – Ақсуым» атты кітабының авторлары Ж.Адамбаев пен Р.Смағұловтың шығармашылығына арналған кездесу кеші өткізілді. «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылып, таныстырылды.. Кештің мақсаты: Қазыналы қарттарымыз жергілікті журналистер Ж.Адамбаев және Р.Смағұловтың өмірі мен шығармашылығын жас ұрпаққа таныстырып, үлгі – өнеге етіп насихаттау. Кешке қатысқан қонақтар журналистерге жылы лебіздерін білдіріп, мектеп оқушылары журналист ағаларына жалынды өлең жолдарын арнады. Кеш соңында кітапхана директоры Ұ.Меңдібаева журналист ағаларымыз, қарымды қаламгерлер Жақсылық Адамбаев және Раушанбек Смағұловқа зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпат жасап, мәдениет үйінің әншілері ағаларға арнап әннен шашу шашты.
Аудандық кітапханада «Тіл – барлық білімнің кілті» атты дөңгелек үстел кеші болып өтті. Шараны Халықаралық «Қазақ тілі» Жалағаш аудандық филиалының төрайымы Д.Мейірманова ашып берді. Кеш қонақтары зейнеткер – ұстаздар Е.Төлепбаев, С.Шариповна, «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Қ.Адисұлы, «Жастар ресурстық орталығының» аға кеңесшісі А.Қожамұрат қатысты. Сонымен қатар аудандық аграрлы-индустриялық колледжінің мұғалімі П.Жүнісова бір топ студенттерімен қатысып, қазақ тіл мәселелері бойынша біршама ойларын ортаға салды. Кеште қазақ тілінің жағдайын қазірден бастап қолға алып, жастарды үйде ата-анасы, мектепте мұғалімдер өз ана тілінде баулып, сөйлегенде тілімізді шұбарламай сөйлеуді үйрету қажет екені айтылды. Сөздің өрнегін келтіріп сөйлейтін Ерім ағай жастар туғаннан-ақ ана тілінен нәр алып, оны дамытып отыру керектігін айтты. С.Шариповна өзінің қазақ халқын құрметтейтінін, қазақ тілін жақсы көретіндігін тілге тиек етті. Қ.Адисұлы сөзінде жастардың әлеуметтік желіде орысша жазатыны осылай кете берсе жастар қазақша хат танудан қалатыны жанына бататындығын айтты. №31 мектептің оқушысы Г.Тұрарова өзінің қазақ тіліне арнаған эссесін оқып берді. Дөңгелек үстелді аудандық кітапхана директоры Ұ.Меңдібаева қорытындылап: «Қазақ тілі қазақтың жаны, оны құрметтеп таза сақтап жетілдіруіміз қажет. Тіліміз біздің байлығымыз» деді. Кеш соңында қонақтарға кітаптан сый таратылды.
Аудандық кітапханада «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында жазушы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясынан оқырмандар конференциясы болып өтті. Ілияс Есенберлин қазақ әдебиетіндегі заңғар тұлғалардың бірі. Қазақ халқының сан ғасырғы тарихын көркем тілмен бейнелеп, қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан үздік қаламгер. Халқымыздың көркем тарихын ұлттық рухта, биік шығармашылық талғаммен жаза білді. Трилогияның мазмұны осы жылы атап өтіліп отырған Қазақ хандығына -550 жыл мерейтойымен тығыз байланысты. Оқырмандар конференциясының мақсаты: жазушының қыл қаламынан шыққан тарихи-көркем шығармадағы қазақ хандығының құрылуы, халықтың бостандық жолындағы жанқиярлық күресін қазіргі жастарымызға көркем тілмен жеткізіп, олардың өткен тарихымызбен мақтанатындай патриоттық сезімін, отанға деген сүйіспеншілігін ояту. Оқырмандар конференциясын аудан әкімінің орынбасары Тәжмаханов Жағыпар Айтбайұлы ашып берді. Жағыпар Айтбайұлы сөзінде жастар кітаппен жақын дос болып өздерін ұдайы рухани өсіріп отыруы тиіс екенін айтып, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы тарихи деректерге өте бай, еліміздің өткен тарихы жайлы мол мағлұмат беретін кітап екенін сөз етті. Сонымен қатар конференцияға мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Азбергенова Райхан Қадірханқызы, ардагер, қаламгер Адамбаев Жақсылық, № 123 Т. Жүргенов атындағы мектеп-лицейдің пән мұғалімі Ілиясов Дархан, № 201 мектеп лицейдің пән мұғалімі Тұрғанова Гүлманат, «Жалағаш жаршысы» газетінің тілшісі Қуат Ахетов және мектеп мұғалімдері мен № 31 орта мектеп оқушылары Мархабай Ұлпан, Тыныбек Айжан, Құрабай Аружандар қатысып, өз ой-пікірлерін айтып өтті. Кешке қатысушы қонақтар мен оқушылар трилогия жайында өз пікірлерін ортаға салып жастардың кітап оқуға құлшынысын ояту үшін көптеген іс-шаралар жүргізіп, олардың белсенділігін арттыру қажеттілігін де атап өтті. Оқырмандар конференциясын кітапхана редакторы Нұрымбетова Ұлдай жүргізді.

Жалағаш ауданы

Қазақ мақтаныштары

b.Abai b.Muhtar
b.Shakarim b.Ybyrai

Онлайн кітап оқу

Онлайн кітап оқу

ruhani zhangyru logo1

Жаңа түскен әдебиеттер тізімі

baner4

Жолдау

zholday 2021

ҚР рәміздері

Мемлекеттік рәміздер

Е - Үкімет

Электрондық үкімет

Кітап күні

kitap kuni