Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту, қамқорлықты қажет ететін жандарға қолұшын беру арқылы игі істерге қадам бастайды. Осы мақсатта аудандық кітапхана қызметкерлері "Жылы жүрек- жомарт қол" атты қайырымдылық акциясы өткізілді.Мүмкіндігі шектеулі жан Маханбетова Айнұрдың үйіне барып қызықты кітаптармен таныстырып,оқып берді.«Табиғаттағы барлық жылу-күннен, Өмірдегі барлық жылу- адамнан»-дегендей,қайырымдылық жасап жарысайық.
Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата - бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” - деп бекер айтпаған. Осы орайда, Есет батыр ауылдық кітапханасымен мәдениет Үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен «Спорт сенің серігің» атты спорттық марафон өткізілді. Мақсаты: оқушыларды салауатты өмір салтын сақтауға және спортпен шұғылданып тұруға шақыру, ептілікке тәрбиелеу. Балалардың демалыс уақытын тиімді пайдалануларына жағдай жасау. Оқушыларға жазғы демалыс болса да, біздің кішкентай тұрақты оқырмандарымыз осы аталған шараға белсене қатысты. «Бүркіт», «Қыран» атты екі команда мүшелері әр түрлі спорт түрлерімен жарысып, нәтижесінде «Бүркіт» командасы жеңіске жетті. Оқушылар алғыс хатпен марапатталып балмұздақ, тәтті сулар таратылды.
Астана күніне орай аудандық кітапхананың ұйымдастырылуымен «Астана -Отанымыздың жүрегі» атты кітап көрмесі оқырмандарға таныстырылды. Аталған шараның мақсаты - Елордамыздың даму жолдары мен тарихи кезеңдерін насихаттау арқылы Астананың абыройын асқақтату. Қазақстан Республикасының астаналарының қысқаша тарихы мен Астана туралы фотосурет, елорданың өткенінен және бүгінінен сыр шертетін туындылар, Астананың қазіргі келбетін баяндайтын мол әдебиеттер қойылды
Домбыра - десе Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы ұлан ғайыр сайын дала, көк аспанмен таласқан биік шыңдар, көгілдір Көкшенің әсем келбеті көз алдыңнан өте жөнеледі. Домбыра - десе ақ сақалы желбіреген тау тұлғалы Құрманғазы, Тәттімбет, ақ жаулығы қарқарадай Дина ана көз алдыңа келеді. Домбыра - десе сымдай тартылған қос ішегінде сан ғасырдың ақыл-ойы, көңіл-күйі күмбірлеген үні келеді құлағыңа. Қазақ халқының жан серігі, рухани азығы киелі Домбыра күнінде Жалағаш аудандық балалар кітапханасы" "Асыл домбыра" тақырыбында іс-шара ұйымдастырып өткізді.Шара барысында кітап көрмесі таныстырылды. Домбыра тарихынан сыр шертіліп, түрлі сұрақтар оқырмандарға қойылды. Әл-Фараби атындағы N201 мектеп-лицейінің "Мұрагер" үйірмесінің ең жас домбырашылары күйші Ә.Желдібаевтың "Ерке сылқым" күйін орындады. Кітапхананың тұрақты оқырманы Ерғали Еркін "Ер жігіт" термесін тарту етті.
Ұлттық домбыра күніне орай М. Шәменов ауылдық кітапханасында домбыра үйірмесінің жетекшісі Жүнісқұлова Алмашпен кездесу кеші болып өтті. Шәкірті Нағымет Бақдәулетпен оқырмандарға күй тарту етті. Халқымыздың рухани қазынасы саналатын домбыра күнін атап өту ұлтты ұйыстыруда үлкен маңызға ие. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға арнаған құттықтауында: «Біз төл өнерімізді дәріптеу арқылы асыл құндылықтарымызды ұлықтай түсеміз. Қазір жаңа Әділетті Қазақстанды құруға кірістік, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды қолға алдық. Өркениетті ел болу үшін жаңа дәуірдің жақсы үрдістерін бойға сіңіру жеткіліксіз. Сонымен бірге салтымызды сақтап, еңбекқорлық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, бабалар жолын берік ұстанамыз. Ендеше жұртымызбен бірге домбыра да мәңгі жасайды. Күй өнері азаттық рухын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырады. Домбыра әр шаңырақтың төрінде тұрсын!» – деп атап өтті.
"Өркениетке бастаған туған өлке" жобасы аясында Қазақстан Журналистер және Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі , Жалағаш ауданынының «Құрметті азаматы» Рысбай Кәрімовтың шығармашылығына арналған «Қаламы қарымды қаламгер» атты кездесу кеші өткізілді. «Ағайынды Бозжановтар», «Өмірім — елімнің тарихы», «Ерлердің есімі - ел есінде», «Алаш арыстарының тауқыметті тағдырлары», «Генерал Нұрулла Алмағамбетов», «Елім деп соққан жүрек», «Ржес қазанында қайнағандар» атты кітаптарының авторы.Кеш қонақтары қаламынан әдеби көркем тілде жазылған тарихи танымды дүниелер тудырған Рысбай ата туралы замандастары, ардагер, қаламдастары Бертаев Серік, ардагер Сүлейменов Кенжеғара, Бұқарбай батыр ауылының имамы Ермаханов Бақытжан, пікірлес, қаламдас досы, Мәдениет ауылынан келген Нұржанов Болатбек, шәкірттері аудандық архив бөлімінің бастығы Ибраев Жанғабыл, Байғабылов Арыстанбек, Бұқарбай батыр ауыл әкімшілігінің бас маманы Ибраев Дәурен, «Жасыл ел» Еңбек жасағының жастары қатысты. Кездесу кешін кітапхана директорының уақытша міндетін атқарушы Г.Әлиасқарова қорытындылап, шапаннан сый – сияпат жасады. Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің әншісі Райкүл Сабытова әннен шашу шашса, Гүлнар Рысбайқызы да өз әкесіне жылы лебізін білдірді. Кешті әдістеме – библиография бөлімінің меңгерушісі Раушан Алтынбекқызы жүргізді.
Есет батыр ауылдық кітапханасында «Дін –тәрбиенің рухани тірегі» атты Өтеулі қажы атындағы мешітінің имамы Айбек Қадіровпен кездесу кеші өткізілді. Кештің мақсаты: Жастарға діни тәрбие бере отырып, адамгершілікке, имандылыққа, рухани тазалығын сақтауға үйрету. Мұсылман діннің өміршендігін және Ислам дінін насихаттау. Өз дініне деген сүйіспеншілігін, құрметпен қарауға сенімін арттыру, жастарға экстремизм және террорлық әрекеттердің халық өміріне қауіптілігін түсіндіру, қатер төндіретін жат діни ағымдардан сақ балуға, жастарды Отан сүйгіштікке тәрбиелеу. Кешке №124 орта мектептің тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары А.Сыздықов, мектеп оқушылары және қызметкерлер қатысты. Кеш қонағы оқушыларға дін ол тазалық, тәртіп, адамгершілік және имандылықтың белгісі туралы айтып өтті. Кеш барысында оқырмандар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті мағлұматтарын алды.Кітапхана оқырмандары М.Балтабай, Б.Әділбек, Н.Әбулер «Дін парызы» атты өлеңі мен «Иман шарттарын» таныстырып өтті.Кітапханашы "Дін-тәрбие діңгегі" атты кітап көрмесімен таныстырды.












